Көлік инспекторларының заңсыз әрекеттері кезінде қайда жүгінуге болады
Көлік министрлігінде көліктік бақылау инспекторлары тарапынан заңсыз әрекеттер мен әдепсіз мінез-құлық тіркелген жағдайда ауыр жүк көлік жүргізушілеріне қайда қоңырау шалуға болатындығы түсіндірілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жауапты ведомство ғимаратында +7(7172) 98-35-35 және 98-35-33 нөмірлері бойынша тәулік бойы ситуациялық-ақпараттық орталық жұмыс істейді. Сонымен қатар, барлық ресми шағымдарды, өтініштер мен ұсыныстарды +7-700-098-35-35 (WhatsApp) нөмірі бойынша жіберуге болады. Сондай-ақ, 1403 (Қазавтожол ҰК байланыс орталығы) қысқа нөмірі бойынша хабарласуға болады.
Еліміздің әр өңірінде көліктік бақылау инспекциясы жұмыс істейді. Көлік инспекторлары көліктік бақылауды жүзеге асырады: рұқсат беру және ілеспе құжаттардың бар-жоғын тексереді, автокөліктерді өлшеп, салмақтық және габариттік параметрлердің сақталуын тексереді. Көліктік бақылаудың процесі міндетті түрде бейне жетондарды пайдалана отырып жүргізіледі. Көліктік бақылау қызметкерлерінің бекетте тоқтау (оның ішінде жылжымалы) туралы талаптарын орындамау не көліктік бақылаудан өтуден бас тарту әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады, - деп еске салды Көлік министрлігінде.
Қазір елімізде ауыр жүк көліктерін өлшейтін автоматтандырылған станциялар кезең-кезеңімен енгізілуде. Олар жолдың мерзімінен бұрын тозуын болдырмауға көмектеседі. Көлік құралына шамадан тыс жүк тиелген кезде жүйе автоматты түрде фотосуретке түсіреді, одан кейін бұл ақпарат көліктік деректер базасының ақпараттық-аналитикалық жүйесіне беріледі. Бұл көлікті бақылау комитетіне салмақ нормаларын асыруға байланысты құқық бұзушылықтар туралы хабарламаларды жедел жіберуге мүмкіндік береді.