Көлік инфрақұрылымын жаңғырту 6 жылда транзиттік ағын көлемін алты есеге арттырды

Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың "Ілгерілеуге бастаған алты жыл: Қазақстан орнықты даму жолында" атты мақаласында айтылған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Үкімет басшысының сөзінше, 2019 жылдан бері теңіз көлігі арқылы тасымалдау көлемі 20%-ға өсті. Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша айтарлықтай өсім қалыптасып отыр. Көлік инфрақұрылымын жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың есебінен ТХКБ арқылы транзиттік тасымал көлемі 2019 жылдан бері алты есеге (2024 жылы – 4,5 миллион тонна), қазақстандық өнім экспорты 12 есеге өсті. Мемлекет басшысы жариялаған Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз жаңа тас жолы аталған бағытқа тың серпін бермек.

Елімізді газдандыру жұмыстары жалғасуда. 2025 жылдың басында 12 миллионнан астам адам табиғи газға қол жеткізді. 2024 жылы 1,7 мың шақырымнан астам газ желілері салынды. Биыл елді мекендерді газдандыру бойынша тағы 45 жоба іске асырылуда, бұл газбен қамтылғандарды 12,4 миллион адамға дейін, ал газдандыру деңгейін 62%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді, - деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр атап өткендей, басым міндеттердің бірі – қазақстандықтарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту. Соңғы жылдары ауқымды жұмыс атқарылды: егер 2019 жылы сумен жабдықтау қалаларда 97,2% және ауылдарда 86,4% болса, бүгінде бұл көрсеткіштер тиісінше 99,4% және 97,8%-ға жетті. 6 256 ауылдың ішінен 5 523 ауыл сумен қамтылды. Қалған 833 ауыл осы жылдың соңына дейін таза суға қол жеткізеді. Соның ішінде 238 елді мекенде орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелері салынады, 595 ауылдық елді мекенде кешенді блок-модульдер орнатылады.

Астанадағы ауызсу тапшылығы мәселелерін шешу үшін Президент тапсырмасы бойынша 2023 жылы қуаттылығы тәулігіне 105 мың м3 болатын №3 сорғы-сүзгі станциясының құрылысы аяқталды. Сондай-ақ Сәтбаев атындағы каналдан су құбырын тарту жұмыстары басталды. Бұл елорданы сумен қамтамасыз ету мәселесін ұзақ мерзімге шешуге мүмкіндік береді, - дейді Бектенов.

Инфрақұрылымды жаңарту, газбен жабдықтау және жол құрылысымен қатар адамдарды төтенше жағдайлардан қорғау да маңызды орын алады. Қайғылы оқиғалар тізбегі ТЖ қызметтерінің материалдық-техникалық жарақтандыру ісінің түйткілді мәселелерін ашып берді.

Президенттің тапсырмасы бойынша апаттық-құтқару жұмыстарын шұғыл әрі тиімді жүргізуге мүмкіндік беретін заманауи апаттық-құтқару техникалары, құрал-жабдық үлгілері сатып алынды. Соңғы алты жылда жабдықталу деңгейі 53%-дан 64%-ға дейін өсті және одан әрі өсе бермек, - деп атап өтті Олжас Абайұлы.

Аталған шаралар төтенше жағдайларға қарсы дайындық деңгейін жақсартып қана қоймайды, сонымен бірге қоғамдық қауіпсіздікті де арттыруға ықпал етеді. Халықты құлақтандыру жүйесі сияқты жаңа технологиялар қолданыла бастады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы