Соңғы 5 жылда көлік инфрақұрылымының дамуына қанша инвестиция тартылды?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін үкімет отырысында ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов "Нұрлы жол" бағдарламасының іске асу барысын талқылау кезінде статистикалық көрсеткіштерді жариялады.
"Соңғы 5 жылда көлік инфрақұрылымының дамуына 5 триллион 800 миллиард теңгедей инвестиция тартылды. Оның 44%-ы немесе 2 триллион 540 миллиард теңге мемлекеттік қаражат болса, қалған 56%-ы немесе 3 триллион 274 миллиард теңге мемлекет-жекеменшік әріптестігін (МЖӘ) қоса алғандағы жеке сектор үлесіне тиесілі. Көлік салалары бойынша инвестицияның басым бөлігі автомобиль жолдары және теміржол жобаларына тиесілі – сәйкесінше, 37% және 40%.Осындай ауқымды инвестицияның салынуы нәтижесінде, 2014 жылмен салыстырғанда негізгі мақсаттық көрсеткіштер өзгерді", - дейді Бейбіт Атамқұлов.
Оның айтуынша, жалпы ұлттық өнімде көлік секторының үлесі 7,9%-дан 2018 жылы 8,2%-ға өскен. Ал биылғы жылдың қорытындысы бойынша 8,3%-ға жетеді деп күтілуде.
"Одан бөлек, 400 мың жұмыс орны ашылды. Еңбек өнімділігі 1,7 есе артып, 5 миллион 100 мың теңгеден 8 миллион 700 мың теңгеге дейін өсті. Жалпы контейнерлер транзиті 3 есе артып, 271 мыңнан 825 мың жиырма футтық баламалы контейнерге дейін өсті. Транзиттен кіріс 4,3 есе артып, 180 миллиардтан 782,4 миллиард теңгеге дейін өсті. Жүк тасымалдарының транзиті 1,5 есе артып, 1 миллион 300 мыңнан 1 миллион 800 мыңға дейін жетті. Транзиттік авиажолаушылар саны 4 есе артты. Биылғы жылдың соңына дейін 1 миллионға жеткізуді жоспарлап отырмыз", - дейді министр.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
“Жан Шуақ” сыйлығының лауреаттары марапатталды
Өзгелердің жаңалығы