Көлігіңіз ұрланбас үшін не істеу керек?
Бұл туралы ІІМ Криминалдық полиция департаментінің аға жедел уәкілі Құдияр Нұрсейітов ведомствоның дәстүрлі брифингінде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өз көлігіңіздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өзіңіз бұған баса назар аударып, ең қарапайым қауіпсіздік нормаларын сақтау қажет деп айтқым келеді. Еш уақытта автокөлікті есігі ашық және кілтімен қалдырмаңыз. Көлікті түнде тұраққа қойғанда гаражды немесе күзетілетін тұрақты пайдаланыңыз. Қылмыскер сіздің көлігіңізді тез иемденбеуі үшін тиісті шаралар қабылдаңыз: оны электронды және механикалық ұрлыққа қарсы құрылғылармен және GPS маяктары бар ұрлыққа қарсы кешендермен жабдықтаңыз, - деп атап өтті жедел уәкіл.
Сонымен қатар ол автокөлік салонында құжаттар мен құнды заттарды қалдырмау қажеттігін ескертті.
Басқа мемлекетте тіркелген автокөлікті сатып алғанда, әртүрлі Интернет-сайттар ұсынатын қызметтер арқылы қолда бар деректер бойынша автокөліктің тазалығын тексеріңіз, - дейді Құдияр Нұрсейітов.
Еске сала кетейік, бұған дейін жедел уәкіл шетелде тіркелген көлігі барларға ескерту жасаған болатын.