Бүгiн 2026, 18:29 Фото: pexels

Көлігінің үстіне ағаш құлаған қарағандылық әкімдіктен 1,8 млн теңге өндіріп алды

Көлігіңізді ескі, қисайған немесе бұтақтары кеуіп қалған ағаштардың астына қоймауға тырысыңыз.

Қарағанды тұрғыны көлігіне ағаш құлағаны үшін әкімдіктен 1 800 000 теңгеге жуық шығынды өндіріп алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Көлік иесі сотта Қазыбек би атындағы аудан әкімдігінің жауапкершілігіндегі ағаштың құлауы салдарынан оның «Chery» маркалы автокөлігі зақымданғанын көрсеткен. Осылайша, ер адамға материалдық шығын келтірілген.

Қазыбек би ауданының №2 соты ағаш құлаған жер телімі мемлекеттік меншікте екенін анықтады. Бұл аумақ аумақтық жағынан Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы ауданына жатады.

Бағалау есептеріне сәйкес, көлік құралын қалпына келтіру жөндеуінің құны 1 440 944 теңгені, ал тауарлық құнының жоғалуы – 355 323 теңгені құрады. ҚР Азаматтық кодексінің 917-бабы 1-тармағына сәйкес, азаматтардың мүліктік мүдделеріне, игіліктері мен құқықтарына заңсыз әрекеттермен келтірілген зиянды оны келтірген тұлға толық көлемде өтеуге тиіс, – деп атап өтті соттың баспасөз қызметі.

Азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы соттың қорытындыларымен келісіп, шешімді өзгеріссіз қалдырды.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда алып ағаш құлап, жол қозғалысы уақытша тоқтады