Көлгінов СҚО-да ұлттық жобалардың іске асырылу барысымен танысты

Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында бірқатар әлеуметтік нысанның құрылысымен және «Ауыл Аманаты», «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту», ​​«Жайлы мектеп» ұлттық жобаларының іске асу барысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Вице-премьер Алтай Көлгінов шағын несиелеу бағдарламасына қатысушылармен кездесті. Өңірде азаматтардың өз ісін ашу және дамыту бойынша кәсіпкерлік бастамаларын қолдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соңғы 3 жылда бұл мақсаттарға 5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бизнес ашуға 1 000 өтінімге қолдау көрсетілді. Биыл жастардың өз ісін ашуына 650 млн теңгеге 130 шағын несие берілді.

Петропавлда Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов «Жас Өркен» шағын ауданындағы биыл пайдалануға берілетін жаңа емхананың құрылысымен танысты. «Береке» шағын ауданында тағы бір емхана салынып жатыр. Сондай-ақ «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Солтүстік Қазақстан облысының аудандарында 46 медициналық нысанның құрылысы басталады. Бұл ФАП, дәрігерлік амбулатория және медициналық пунктілер. Кішкенекөл ауылында да жаңа емхананың құрылысы жоспарлануда. 

Жалпы еліміздің аймақтары мен шалғай ауылдарда 2023-2025 жылдар аралығында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге арналған 650-ден астам медициналық нысан салынып, 30-дан астам емдеу мекемесіне күрделі жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады.

Жұмыс сапары барысында Алтай Көлгінов 68 заманауи зертханамен жабдықталған М. Қозыбаев атындағы СҚУ-дың жаңа оқу-зертханалық корпусына барды. Өткен жылы Аризона университетімен бірігіп, қос дипломды оқу бағдарламасы іске қосылды. Халықаралық бағдарлама бойынша әр қаладан 155 студент білім алып жатыр. Студенттер үшін 1 700 орындық жаңа жатақхана салынуда. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Петропавлда 4 мектептің құрылысы басталады.

Сонымен қатар Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Қызылжар ауданы, Чапаево ауылындағы «Қызылжар сүт» ЖШС сүт-тауарлы фермасына да барды. Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ақпараты бойынша, соңғы жылдары өңірде заманауи 30 сүт кешені салынған. Мысалы, 2022 жылы 10,5 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды. Жалпы 2026 жылға қарай Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығында 141 млрд теңгеге 72 жоба жүзеге асырылмақ. Бұл сүт фермаларының, құс етін шығарытын фабрикалардың, майды экстракциялау зауытының және жылыжай кешендерінің құрылысы. Тағы 4 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: primeminister.kz
Өзгелердің жаңалығы