Көлгінов қоғамдық көлікті цифрландыру мәселесін түсіндірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жыл аяғына дейін қаладағы көше қиылыстарының 80%-ы цифрлы жүйемен қамтылатын болады. Ол шара тәуліктің қарбалас уақытында түйінді бағыттардың жүктемесін азайтады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов өзінің Instagram-дағы парақшасына жазды.

Kazan Digital Week халықаралық форумына онлайн қатыстым. Басқа елдердегі әріптестермен бірге интеллектуал транспорт жүйелерін талқылап, тәжірибемізбен бөлістік. Қоғамдық тасымалдың модернизациясы мен цифрлануы – басым бағыттардың бірі. Автобустарды жаңартып қана қоймай, жаңа маршруттар қосып, жол салып, қалалықтардың ыңғайы үшін электронды қарым-қатынас механизмдерін енгізу керек, - деді елорда әкімі.

Бұл ретте, ол не істеу керектігін жіктеп, жеке-жеке тоқталып өтті.

Бірінші - интеллектуал транспорт жүйесін дамыту. Көше қиылыстарында тұрған бағдаршамдардың 50%-ы адаптив басқару жүйесімен қамтылған. Мұндай технология көлік ағынын автоматты режимде есептеп, бағыттар бойынша шешім қабылдайды. Бұл көлік ағынының жылдамдығын арттырып, жолда жоғалатын орташа уақытты 20% қысқартуға мүмкіндік берді. Жыл аяғына дейін қаладағы көше қиылыстарының 80%-ын осы цифрлы жүйемен қамтитын боламыз. Бұл тәуліктің қарбалас уақытында түйінді бағыттарға жүктемені азайтады. Екінші - қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бақылау камералары жол-көлік оқиғаларын 20% қысқартып, өлімге әкеп соғатын жағдайларды 40%-ын азайтуға мүмкіндік берді, - деді Алтай Көлгінов.

Оның айтуынша, үшінші бағыт – қоғамдық тасымалды дамыту. Тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін 32 елді мекенге қаламаңы көлік қатынасын енгізгендерін алға тартқан әкім, бұқаралық мәдени шараларға экспресс, sport shuttle bus маршруттарын да шығарып қойғанын жеткізді.

Тұрғындардың өтініші бойынша 40 маршрутты оңтайландырдық. Қоғамдық көліктердің 70%-дан астамын жаңартып, жыл басында көшелерге 100 жаңа электр автобустар шықты. Жыл аяғына дейін электр автобустардың тағы бір партиясы шығады. Барлық автобус жолақы төлеудің электронды жүйесімен жабдықталған, бұл карантин кезеңінде індет жұқтыру ықтималдығын азайтты. Электронды есеп айырысуға 100% өтудің арқасында 6 млрд теңге «көлеңкелі айналымнан» шығарылды, - деп жазды әкім одан әрі.

Сонымен қатар, бүгінде қалалықтар автобустардың қай жерде келе жатқанын мобильді қосымша арқылы қарап, аялдамалардағы электронды таблолардан көре алатыны мәлім. Көлгіновтің айтуынша, автобус жолақтары да нәтиже беріп, қоғамдық көліктің жолдағы орташа уақыты 15-20%-ға қысқарған.

Жолақтардың санын 24-тен 36-ға көбейтпекпіз. Бұл автобусты күту уақытын және 15%-ға азайтады. Барлық бағыттар бойынша жұмыстар тұрақты жүргізіліп келеді, - деп түйіндеді сөзін Алтай Көлгінов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы