Көлгінов кәріз салу жұмыстары туралы айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда әкімі Алтай Көлгінов азаматтарды жеке қабылдауының нәтижелері туралы facebook парақшасында жазды.
Өткен апталарда әдеттегідей азаматтарды жеке қабылдадым. Осыған дейін айтқанымдай, біз проблемаларды шешу ісіне тек дәлме-дәл ғана емес, сол сияқты жүйелі деңгейде де қарауға тырысамыз. Азаматтарды қабылдау кезінде қала тұрғындарымен кездесу барысында көтерілген мәселелерді негізге алдық. Нәтижесінде инфрақұрылымдық даму жоспары мен халықтың жыл сайынғы өсуін, елорда жолдарына түсетін трафиктің ұлғайғанын ескере отырып, 10 және одан да көп жылға арналған қалалық көліктің бірыңғай техникалық пайымын әзірлеуге арналған кешенді көлік схемасының (КҚТ) тұжырымдамасын қабылдадық, - деді Көлгінов.
Әкім нөсер кәрізін салу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға толығырақ тоқталды.
Мәселен, өткен жылдың өзінде біз 130 км-ден астам нөсер кәрізі мен арық-науа жүйесін салдық, сондай-ақ 146 проблемалы учаскеде су басу мәселесін шештік. Қаланың ең проблемалы тұстарының бірі – Б.Момышұлы даңғылында су басу проблемасы шешілді. Тоқтаусыз жауған жауын кезінде көліктердің белшесінен суға бататыны, сол сияқты үрлемелі қайықтар арқылы жұрттың назарын аударғаны естеріңізде болар. Аталмыш даңғылға нөсер кәрізінің магистралды коллекторын салдық. Бұл кәріздің ұзындығы 500 метрді құрайды – басы Дауылпаз көшесінен басталып, Елім-ай көшесіне дейін (Б.Момышұлы даңғылын қиып өтеді) жалғасады. Жаңа орын қолданыстағы нөсер кәрізі желісінің өткізу қабілетін 1,5 есе арттыруға мүмкіндік берді, - деді ол.
Көлгінов атағандай, жастар шағын ауданында (Тәшенов пен Амман көшелерінің қиылысы) жеткізуші коллекторларды қайта жаңғырту арқылы тазарту құрылысы салынды.
Жаңа нысандардың қуаты тәулігіне 42 мың текше метрден асады. Аталған нысан Тәшенов, Бараев, Уәлиханов, Пушкин, Иманбаев көшелерінде, Республика даңғылының жоғарғы бөлігінде, Тәуелсіздік даңғылында су басу мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Тазарту ғимаратының ерекшелігі – Есіл өзеніне құйылар алдында жаңбыр мен еріген қар суы сүзгіден өтіп, тазартылады.Тельман елді мекенінде тазарту құрылысы мен магистральдық коллектор, сол сияқты Пригородный елді мекенінде және Алаш тас жолы бойындағы логистикалық орталық аумағында тазарту құрылысы салынды. Сондай-ақ 2019 жылы Мыңжылдық аллеясы ауданындағы 2 учаскеде нөсер кәрізі мәселесі шешілген болатын, - деді ол.
Көлгіновтың айтуынша, Алматы ауданында (Ш.Қалдаяқов көшесі), жаңа вокзал, Ұлы Дала даңғылы бойында, тұстарда нөсер кәрізінің құрылысын жүргізіліп жатыр.
Нөсер кәріздері мен тазарту ғимаратының құрылысы мен қуатын ұлғайту бойынша жұмыстар жүйелі деңгейде жүргізіліп жатыр, - деді ол.