Көлгінов білім саласын жетілдірудің бес мәселесін атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында мектеп директорларымен кездескені жайлы жазды.

Білім беру жүйесі – маңызды бағыттардың бірі. Оқушылардың жетістіктері мектепте алған білімдеріне тікелей қатасты. Білім алу үшін заманауи технологиялармен жабдықталған мектептерді салу жеткіліксіз. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру да өте маңызды. Елордалық мектептердің басшыларымен аталған бағыттар мен инклюзивті ортаны одан әрі дамыту жайы талқыланды – деп жазды ол.

Бірінші. Жалақы және тұрғын үй мәселесі

«Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Мемлекет басшылығының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылға дейін жалақыны жыл сайын 25% арттыру жалғасады. 2019 жылы күзде жас педагогтарға арналған 350 орындық жатақхана ашылды. Сондай-ақ, тұрғын үй бағдарламасы жұмыс істеп жатыр (бұрын ҚИК деп аталған). Тұрғын үй сертификаттарының сомасы 1-ден 1,5 млн. теңгеге дейін артты және т.с.с. жұмыстар бар – деді әкім.

Екінші. Біліктілікті арттыру

«Ozat» жобасын іске асыру шеңберінде мектептер мен колледждердің 400 пән мұғалімі білім алушыларды PISA тапсырмаларына дайындау бойынша біліктілікті арттыру курстарын оқып шықты. Кембридж университетімен бірлесе Share жобасы жалғасып жатыр. Бұл жоба мұғалімдерге шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасуға, шетелге курстарға баруға және т. б. мүмкіндік береді – дейді Алтай Көлгінов.

Үшінші. Инклюзивті орта. Қосымша білім беру нысандары

Былтыр бірқатар мектептерде инклюзияны қолдау кабинеттері, қосымша білім беретін филиалдар, «Арқа ALAN» ұлттық спорт түрлері орталығы, «Art Tumar» сәндік-қолданбалы өнер орталығы және т. б. ашылды. Биыл да осы бағытты жалғастыруды жоспарлап отырмыз: инклюзия кабинеттерінен басқа - оқушылар сарайын, «Таным» креативті технологиялар орталығын, әскери-спорт клубын, түрлі үйірмелерді және т.б. ашамыз – дейді қала басшысы.

Төртінші. Мектептер құрылысы

Биыл 16 мектеп саламыз. Бұл 40 мыңнан астам оқушы орнын құруға мүмкіндік береді. Өткен жылмен салыстырғанда оқушы орындарының саны 2 еседен астам артады. Барлық мектептер қауіпсіздік үшін бейнекамералармен жабдықталған. Сонымен қатар, мектепте тамақтандыруды сатып алу процесі автоматтандырылды – деді ол.

Бесінші. Жеке инвестиция тарту

Мектеп құрылысына да жеке инвестиция тартамыз. 2019-2020 жылдары 30 жеке меншік оқу орнының құрылысы қолдау тапты. Олардың бір бөлігі осы жылы пайдалануға беріледі. Аталған барлық шаралар - білім беру сапасын арттыруға, педагогтар мен оқушылар үшін жағдай жасауға, мұғалім мамандығының беделін арттыруға бағытталған, - деп жазды елорда әкімі.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы