Көлгінов астананың даму бағыттарын атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда бірнеше бағытта дамып жатыр. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай көлгінов осылай деді. Бұл туралы әкім өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Себебі қала үшін әлеуметтік нысандар да, тиісті инфрақұрылым да маңызды. Бүгін қалалық мәслихат депутаттарына елорданың дамуы таныстырылды. Негізгі жүйелік бағыттарға қысқаша тоқталып өтейін - деді әкім.

Бірінші. Қолжетімді тұрғын үй және үлестік құрылыс нысандары

Елордада 2018 жылы 1100 әлеуметтік пәтер, ал 2019 жылы 2900 әлеуметтік пәтер салынған болса, соңғы екі жылда айтарлықтай өсім бар. Былтыр 7 мың әлеуметтік пәтер берілді, ал биыл бұл көрсеткішті 10 мыңға жеткіземіз. Сонымен қатар, осы айда жастарға арналған «Elorda Jastary» арнайы тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Сондай-ақ апатты ескі үйлерді бұзу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. 2019-2020 жылдары 400-ден астам отбасы апатты үйлерден қоныс аударды. Биыл тағы 257 отбасын көшіреміз. Құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтау мәселесі де маңызды. Үлескерлер ұзақ жылдар бойы пәтерлерін күтті. Қалада проблемалы 150 үй болатын. 2019-2020 жылдары 33 үй салынып, пайдалануға берілді. Биыл тағы 57 көппәтерлі тұрғын үй кешенін аяқтаймыз. Тек осы жылдың өзінде кезекті 7 мың үлескердің мәселесі шешілмек. 2022-23 жылдары қалған тұрғын үйлерді аяқтау жоспарланып отыр. Әрбір нысан бойынша шешім бар - деді алтай Көлгінов.

Екінші. Мектептер мен медициналық мекемелер салу

Мектептер салу есебінен 3 ауысымда оқытатын оқу орындарының саны 8-ден 4-ке дейін, тығыздалған оқу орындарының саны 22-ден 14-ке дейін қысқарды. Биыл ашылатын 15 мектеп шамамен 40 мың оқушы орнын құруға мүмкіндік береді, бұл 2020 жылмен салыстырғанда екі есе, ал 2019 жылмен салыстырғанда төрт есе артық. Келесі жылы тағы 16 мектеп саламыз. Оқу орындары барлық ауданда, сол сияқты елді мекендерде де салынып жатыр. Түрлі ауданда «үй маңындағы дәрігер» атты 29 нысан ашылды, сондай-ақ оңалту орталықтары желісін айтарлықтай кеңейттік, медициналық мекемелердің құрылысы жүріп жатыр: шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы, ғылыми онкологиялық орталық, аурухана және т.б. - дейді ол.

Үшінші. Газдандыру

Осы аптада Оңтүстік-Шығыс елді мекеніндегі (шағын аудандар бойынша) үйлерді газға қосуды бастадық. Бұрын мұндай мүмкіндік Көктал-1, Көктал-2, Теміржолшылар, Промышленный, Агроқалашық елді мекендерінің тұрғындарында болған. Сондай-ақ, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Күйгенжар, Мичурино, Интернациональный елді мекендерінде газбен жабдықтау желілерінің құрылысын жүргізуде. Газбен қамтамасыз ету үшін елордада 645 км астам кварталішілік газбен жабдықтау желілері салынды. Газдандыру процесі бірнеше кезеңге бөлінген - деді шаһар басшысы.

Төртінші. Елді мекендер

Елді мекендерде 13,5 км инженерлік желі, 5 км-ден астам кәріз және су құбырлары, 3 км-ден астам нөсер кәрізі және т.б. салынды. Екі жыл ішінде 200 көше салынды және асфальтталды, бес мектеп, үш спорт кешені, 66 аула мен қоғамдық кеңістік (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) салынды, өткен жылы Көктал елді мекенінде үлкен саябақ ашылды. Елді мекендерді газдандыру қарқынды жүріп жатыр. 2022 жылы төрт елді мекенде тағы төрт оқу орнын, ал Интернациональный елді мекенінде бастапқы медициналық көмек орталығын салуды жоспарлап отырмыз және т.б. - деді Көлгінов.

Бесінші. Инженерлік желілер, жол инфрақұрылымы

Бірқатар стратегиялық нысанның құрылысын жүргізіп жатырмыз. ЖЭО-3 бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары, соның ішінде су жылыту қазандығында да қайта жанданды. Егер ЖЭО-3 6,5 млн шаршы метр тұрғын үйді жылумен қамтуға мүмкіндік берсе, онда жаңа су жылыту қазандықтарының қуаты ЖЭО-3 қуатынан екі есе асады. Қазандықтар бірінші кезекте тапшылық болжанатын учаскелерді жылумен қамтамасыз ететін болады. Жаңа сорғы-сүзу станциясының қуаты тәулігіне 105 мың текше метрді құрайды. Бұдан басқа, КТҚ-2 (кәріздік тазарту құрылыстары) жобалау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Биыл тағы 115 көше жөнделді, екі көпірдің құрылысы жүргізілуде – Тәуелсіздік пен Ұлы Дала даңғылдарында - деді қала әкімі.

Алтыншы. Инвестиция тарту

Әлемдік пандемияға қарамастан, қала экономикасына жеке инвестициялар тарту жұмысын тоқтатқан жоқпыз. Өткен жылы елордаға 1,1 трлн теңге инвестиция тартылды. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 20%-ға артық. 2021 жылғы қаңтар-қыркүйекте инвестициялар көлемі 731,1 млрд теңгені құрап, 5,3%-ға өсті. Егер жобалар туралы нақты айтатын болсақ, онда 20 инвестициялық кеңесте 150-ге жуық жоба мақұлданды. Бірінші кезекте қала тұрғындарына да, қалаға да қажетті жобалар қолдау тапты. Бұл білім беру, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, логистика және сауда, спорт, тұрғын үй және т.б. салаларда. Аық-түлік қауіпсіздігінің маңыздылығын ескере отырып, қалада жеке инвестициялар есебінен көтерме-тарату орталықтарының, жылыжай кешендерінің, нан-конденсат комбинатының және т.б. құрылысын жүргізіп жатырмыз - деді қала басшысы.

Жетінші. Қоғамдық кеңістіктер

Қаланы «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспарына сәйкес дамытудамыз. Осы жылы 200-ге жуық аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандырдық. Денсаулыққа пайдасы бар таза ауада жайлы уақыт өткізуге арналған жаңа орындар ашылды. Мәселен «NS street life» көше спортының колизейі, қаладағы алғашқы «Театральный» жаяу жүргіншілер желекжолы, «Demalys Promenade» жаяу жүргіншілер көшесі, құтқарушылар, мұғалімдер және т.б. құрметіне арналған тақырыптық алаңқайлар. Абаттандыру кезінде қаланы көгалдандыруға назар аударамыз. Биыл 1 млн-нан астам жасыл желек отырғызамыз, театрлар мен көрікті жерлерде өзіндік «жасыл аралдар» пайда болды - деді ол.

Елорданың дамуы ел басшылығының бақылауында.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы