Көлгінов: 24 қаңтардан бастап оқушыларды офлайн режимге көшіруді жоспарлап отырмыз
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында жазды.
Өздеріңіз білетіндей, соңғы апталарда эпидемиологиялық жағдай күрт нашарлады, тиісінше карантиндік шаралар да күшейтілді. Балаларымыздың мектеп партасында қайта оқуы, спорттық мекемелер, театрлар және қаланың өзге де маңызды нысандары еш кедергісіз жұмыс істеуі үшін еңбек ұжымдары толығымен ревакцинациядан өтуі қажет, -деп жазды ол.
Оның сөзінше, вакцинация/ревакцинация ғана коронавирус инфекциясын жеңудің тиімді әдісі.
Эпиджағдайды тұрақтандыру – нысандардың толығымен жұмыс істеу мүмкіндігі. Қазір балаларымыз қайтадан қашықтан оқу форматына көшті. Дегенмен 24 қаңтардан бастап оқушыларды офлайн режимге көшіруді жоспарлап отырмыз. Ол үшін вакцинация мен ревакцинация арқылы балаларымызды, мұғалімдерімізді қауіптен қорғауымыз қажет, -деді қала әкімі.
Көлгіновтың атап өтуінше, пандемияға қарамастан оқу орындарының құрылыс жұмыстары тоқтамаған.
Себебі жаңа оқу орындарын ашудың маңыздылығын байқап отырмыз. Биыл – 3 тоқсанда тағы 7 мектеп аштық. Осы 7 мектептің өзі тағы 20 мың оқушы орнын құруға мүмкіндік берді. №93 жаңа мектеп-лицейіне арнайы бардым. Ол Алматы ауданында (Ж.Нәжімеденов көшесі), құрылысы қарқынды жүріп жатқан ауданда орналасқан. Бұл оқу орны өзге үш мектептің проблемасын шешуге мүмкіндік беріп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мектеп құрылысының көлемі айтарлықтай артты. Мысалы, 2019 жылы 6 мектеп салынған болса, 2020 жылы 11 мектеп есігін айқара ашты, -деді Алтай Көлгінов.
Қала әкімінің мәлімдеуінше, 2022 жылы (жаңа оқу жылы) кемінде 16 мектеп салынады. Кешенді жоспар аясында 5 жылдық кезеңге 70-ке жуық мектеп салу жоспарланған.
Мектеп құрылысына да жеке инвестиция тартамыз. Биылғы оқу жылында 40 мың оқушы орнына арналған 15 мектеп салдық. Бұл осылайша 5 мектептегі шамадан тыс жүктеме мәселесін, сол сияқты оқушы саны тым көп 10 мектептің проблемасын шешуге мүмкіндік берді, -деп ата өтті қала әкімі.