Көкжайлауда тау шаңғысы курортының құрылысы басталады

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтегі баспасөз мәслихатында Алматы таулы кластерін ауқымды түрде дамыту жоспары бар екенін атап өтті. Жоба бірнеше бағытты қамтиды: қолданыстағы курорттарды кеңейту және жаңа туристік аймақтарды дамыту, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Алматы таулары – біздің үлкен байлығымыз және мақтанышымыз. Мұндай әдемі таулар, мұндай қар әлемде санаулы ғана жерде бар. Бұл әлеуетті пайдаланбау – үлкен ысырап. Сондықтан біз Алматы таулы кластерін дамытамыз. Қазіргі таңда бізде жоғары деңгейдегі инфрақұрылым тек Шымбұлақта ғана бар, бірақ оның трассаларының ұзындығы шектеулі, яғни туристерді қабылдау мүмкіндігі де шектеулі. Біз Алматы кластерін кеңейтуге бағытталған ауқымды бағдарламаны қабылдадық. Жоба Талғар жағынан басталады – бұл Ой-Қарағай, Бутаковка, Пионер шатқалы, Кімасар, әрі қарай Шымбұлақ дамиды және Каскелен бағытына қарай жалғасады», – деді Олжас Бектенов.

Жоспар бойынша заманауи тау шаңғысы және туристік инфрақұрылым салынады. Оған жаяу жүргінші жолдары, аспалы жолдар мен сервистік нысандар кіреді.

Премьер-министр Көкжайлау шатқалында заманауи тау шаңғысы инфрақұрылымының құрылысы биыл басталатынын атап өтті. Жоба ашық әрі жария түрде жүзеге асырылады. Экологиялық қауіпсіздік талаптары қатаң сақталады.

Еске салайық, Үкіметте Премьер-министр Олжас Бектенов және оның орынбасарларының қатысуымен БАҚ өкілдері үшін баспасөз брифингі өтті.

Бұған дейін Бектенов экономикалық өсімді сақтау үшін тапсырмалар берген еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы