2 Қараша 2026, 18:43 Фото: depositphoto.com

Көкжайлау жылына миллиондаған турист қабылдайтын орынға айналуы мүмкін

Алматының туристік әлеуетін арттыратын ірі жобалардың бірі – Көкжайлау шатқалында Almaty SuperSki тау курортын салу. Жоба жүзеге асса, қала тұрғындары мен шетелдік туристер жыл он екі ай тауда демалып, қысқы спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар курорт балаларға, жаңадан шаңғы тебуді үйреніп жүргендерге және отбасылық демалысты қалайтын адамдарға қолайлы болмақ, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Kazakh Tourism Development компаниясының бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаевтың айтуынша, болашақ курортта Көкжайлаудан бастап Күмбел шыңының ең биік нүктесіне дейін бірнеше аспалы жол салынады. Олардың бір бөлігі кабинкалы болады. Бұл тауға тек кәсіби спортшылардың емес, қарапайым туристердің де көтерілуіне жағдай жасайды.

Немересімен жүрген ата мен әже немесе баласын коляскаға салып серуенге шыққан ана да кабинкаға мініп, таудың ең биік нүктесіне дейін көтеріле алуы керек. Сондықтан аспалы жолдардың бір бөлігі кабинкалы болады, қалғандары креслолы жүйемен жұмыс істейді, – дейді Ержан Еркінбаев.

Оның сөзінше, қазір жоба бойынша үкіметпен инвестициялық шартқа қол қою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алматының тау бөктеріндегі демалыс орындарына тұрғындар мен туристердің қызығушылығы жоғары. Жаңа курорт осы сұранысты қанағаттандырып, қаладағы тау туризмі мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Шетелдік туристерге ұсынатын жаңа бағыт

Көкжайлауда халықаралық деңгейдегі курорттың пайда болуы шетелдік туристер үшін де Алматының тартымдылығын арттыруы мүмкін. Альпинист Мақсұт Жұмаевтың пікірінше, Қазақстанға келетін шетелдіктер елдегі басқа да демалыс орындары туралы жиі сұрайды. Алайда халықаралық деңгейде ұсынуға болатын тау-шаңғы кешендерінің саны әзірге көп емес.

Менен шетелдіктердің өзі тағы қайда баруға болады деп жиі сұрайды. Алайда ұсынатын санаулы ғана кешен бар. Сондықтан бізге мақтанып айтатын халықаралық деңгейдегі курорт артық болмайды, – дейді альпинист.

Курорт тәулігіне 10 мыңнан астам келушіні қабылдай алады. Бұл Алматының тау туризміне деген сұранысын қанағаттандыруға және отбасылық демалыстың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыруға бағытталған.

Курорт төрт мезгілде жұмыс істейді

Almaty SuperSki тек қысқы спорт түрлерімен шектелмейді. Жылдың төрт мезгілінде жұмыс істейтін туристік орталық ретінде жоспарланған кешенде әр маусымға арналған демалыс түрлері қарастырылған.

Қыста келушілер тау шаңғысы мен сноуборд теуіп, арнайы оқу бағдарламаларына қатыса алады. Ал жылы мезгілде жаяу серуендеу, трекинг, тау велосипеді және мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылмақ.

Осылайша, Көкжайлау Алматы тұрғындары үшін демалыс күндерін табиғат аясында өткізетін жаңа орынға, ал шетелдік қонақтар үшін Қазақстанның тау туризмін танытатын маңызды бағыттардың біріне айналуы мүмкін.

Оқи отырыңыз: 

«Пайдасы мәңгілік қалатын жоба»: Мұхтар Тайжан Көкжайлаудағы құрылысқа қатысты ойын айтты 

Almaty Superski: Көкжайлауда оқушыларға шаңғы тебу сабағы өтуі мүмкін