Қоқысқа төлейтін тариф өте төмен. Айына бір адам 660 теңге төлеуі керек – эколог
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы, эколог Лаура Маликова «Желмая» жобасында айтты.
Елімізде экологиялық проблемалар көп. Ауаның ластануы, өзен-көлдердің ластануы, тұрмыстық және өндірістік қалдықтар мәселесі, оған қоса радиация мәселесі де бар. Сондай-ақ, биоалуандылық мәселесі бар, яғни құстар өліп жатады. Айта берсек, мәселе көп, - дейді эколог Лаура Маликова.Оның айтуынша, көмірден газға жаппай көшу керек. Көмірмен салыстырғанда газды жаққанда ластауыш заттар бөлінбейді.
Әр жасыл желектің өзінің атқаратын рөлі болады. Ландшафты дизайнда шыршаны декоративті өсімдік ретінде пайдаланады. Ал қарағаш қоршаған ортадағы зиянды заттарды өзіне сіңіріп алады. Сондықтан қай жерде қандай жасыл желектің түрін егу керектігін де білу керек. Мысалы, кей жерлерде еменді алып тастап, орнына шыршаны қояды. Ол дұрыс емес. Себебі, шырша әдемілік үшін отырғызылады, - деп атап өтті эколог.Лаура Маликова 2007 жылы қабылданған Экологиялық Кодекс бар екенін айтты.
Кодекске сәйкес өндірістік орындар рұқсат қағазын алу керек. Оны талдау, тексерістен өткеннен кейін барып алады. Бақылау жағынан әлі де заңнама нашар. Мысалы, үлкен мекеме 1000-2000 тонна ластауыш заттар шығарады делік. Осы мекемелер жылына 4 рет қана есеп тапсырады. Яғни 4 рет қана экспертизалық лабораторияны шақырады, - деп атап өтті ол.Эколог айтқандай, жол бойында жасыл желектер отырғызылуы керек.
Жолдың бойынша жасыл желектер болуы керек. Себебі жаяу жүргінші мен автомобильден шығып жатқан ластауыш заттардың арасында барьер болуы керек. Мысалы, астананың өзінде атмотюб деген құрылғы арқылы жолдың бойында бұтақтары бар жерде және бұтақтары жоқ жерде ауаның сапасын өлшедік. Осылайша, бұтағы жоқ жердегі ауаның сапасы әлдеқайда нашар екені анықталды. Сондықтан жолдың бойында осындай жасыл желектерді көбейту керек, - дейді Лаура Маликова.Оның айтуынша, экология мен экономика тығыз байланысты.
Қазақстан мен Швецияны салыстыратын болсақ, 1970 жылдары ол жақта «экологиялық революция» болды. Яғни таза ауа, таза суға байланысты қоғамдық қозғалыстар болды. Соған қатысты заңнамалық актілер қабылданып, қолға алынды. Бұл – бір. Одан кейін біздің еліміздегідей көмір мен газдың ресурсы жоқ. Сондықтан олар қалдықтан энергия алады. Яғни олар қалдықты шикізат ретінде қолданады. Швеция халқының біздің елге қарағанда қалдыққа төлейтін ай сайынғы ақшасы жоғары. Біздің елімізде әр өңірде әр түрлі тариф бар. Мысалы, елордада әр адам тұрмыстық қалдықты түзгені үшін 340 теңге, Алматыда 520-540 теңге, кей өңірлерде 60-100 теңге. Оның өзінде халықтың 20-30%-ы қоқысқа тарифті төлемейді. Осындай ақшамен қалдықты өңдеуді қалай дамытуға болады? Әрине дамытуға болмайды, - деді ол «Желмая» жобасының түсірілімі кезінде.
Лаура Маликова бизнесмендер үшін қалдық өңдеу зауытын салу тиімсіз екенін алға тартты.
Себебі тариф өте төмен. Кей ұйымдардың есебі бойынша орташа тариф айына бір адамға 660 теңге болуы керек, - деді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы