Көктемгі тасқын салдарынан 1,6 млрд теңге шығын келген – БҚО
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы төтенше жағдайлар жөніндегі аймақтық кеңес отырысында айтылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Зақымданған 79 үйдің жартысына жуығы жарамсыз деп танылған. Жақсыбай мен Шалғын ауылдарында жаңа баспана салу ұсынылды. Құрылысқа 555 млн теңге қажет. Ал жөндеуді талап ететін 31 үй бойынша жалпы мөлшері 47 млн теңге өтемақы төленеді. 191 бас мал шығыны атымтай жомарттар есебінен өтеліп жатыр. Ал Шалғын ауылына жаңа мектеп салынады. Бұл жоба бойынша тиісті тапсырмалар берілді.
Сонымен қатар облыстық және аудандық маңызы бар автожолдардың қираған 24 учаскесі қалпына келтірілмек. Табиғи апат салдарын толық жоюға облыстық бюджет резерві жеткіліксіз. Әкімдік қосымша қаржы көздері қаралатынын айтты.
Біз мектепті салуға уәде бердік. Саламыз. Бірақ жалпы жақсы талдау жасауымыз керек. Қалған материалдық шығындарды және үйлер мен әлеуметтік нысандарды қалпына келтіретін боламыз. Бұл процесс ұзақ жүруі мүмкін. Алайда оған түсіністікпен қарап, барлық жұмыс атқарылатын болатынын айтқым келеді, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.