Елордада көктемгі су тасқынына дайындық жүргізілуде
Астана, BAQ.KZ. Жұмыстар бекітілген кестеге сай жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Алматы ауданы
«Алматы» ауданы әкімдігінің мердігер ұйымдарымен 21 қаңтарда көктемгі кезеңде су басу қаупі жоғары аумақтардан қарды шығару жұмыстары басталған. Осы күнде 105 мың текше метр қар шығарылды. Ал осы қыста ауданнан 1,055 млн текше метр қар шығарылды. Бүгінгі таңда Оңтүстік-Шығыс шағын ауданынан (оң және сол жағы), Промышленный, Достық тұрғын алабынан қар шығару жұмыстары жүргізіліп, Железнодорожный тұрғын алабында аталған жұмыстар жалғасуда. Сонымен қатар, еріген қар суын сору жұмыстары жалғасуда, аталған жұмысқа 25 көлік жұмылдырылды.
Байқоңыр ауданы
Қазіргі күні бекітілген кестеге сай Мұнайшылар, Құрманғазы, Көктомар, С. Сейфуллин, Сартөбек, Қостанай, Көкшетау, Сырдария, Әлімжанов, Ашхабад, Ақбидай, Ташкент, Т. Шонанұлы, Майтөбе, Ағадыр, Өндіріс, Игілік, Үшқоңыр, Кұсжолы, Шардара, Матросов, Кемеңгерұлы, Суриков, Сарыадыр, Ақсу-Жабағылы, С. Әліұлы, Бестау, Киелісай, Мусоргский, Арық (қоймалар жағы) көшелеріндегі арықтар тазартылды. Жалпы ұзындығы 11 031 қума метрді құрады. Жұмыстар жалғасуда.
Есіл ауданы
Су тасқынына қарсы комиссия құрылды. Еріген қар суын өткізу жұмыстарының жоспары бекітілді. Қарды шығару, арық желілерін тазарту жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Жоспарға сәйкес су басу қаупі бар аумақтардан (тұрғын үй алаптары, мектептер мен балабақшалар) қар, мұз шығарылып жатыр.
Аудан аумағында 5 869 ағын су қабылдағыш тор орналасқан, 10 ақпаннан бастап оларды тазалау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгін 5 280-і тазартылды. Аталған жұмыстарды 1 сәуірге дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Сарыарқа ауданы
Көктемгі су басуы жоғары бес аумақ анықталған: Агроқалашық, Көктал-1, Көктал-2 тұрғын үй алаптары, Майкутова, Мыңарал, Жунусова (Панфилов), Павлов көшелері. Бекітілген жоспарға сай 3 қаңтардан бастап жеке сектордан қар шығарылуда. Қазіргі күні 120 көше қардан тазартылған.
Күн сайын адамдар көп жиналатын саябақтар, демалыс орындарының, автовокзал, теміржол вокзалы аумақтарының және білім ордаларының аумағы қардан тазартылуда. ПИК төрағалары үйлердің шатырындағы қарды тазалау, өздерінің меншікті аумақтарындағы қарды шығару бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізген.
16 қазан мен 17 наурыз аралығында 522 474 текше метр қар шығарылған. Оның ішінде көктемгі су тасқынына қарсы шаралар аясында шығарылған қар көлемі 136 635 текше метрді құрайды.
Ақмола облысының 96 разъезді тұрғын алабын су басудан қорғау мақсатында, 12 наурыздан бастап аудан әкімдігі Н. Тілендиев даңғылындағы қар қоқысын және Кунчугун көлі ауданындағы қолданыстағы арықты тазалау жұмыстары жүргізілді. Жалпы ұзындығы 1 шақырым. Қазіргі күні жұмыс аяқталды.