Көктемгі су тасқыны: қай өңірлер су астында қалуы мүмкін екені белгілі болды
Елімізде көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары қарқын алуда. Төтенше жағдайлар министрлігі орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, су тасқынына төтеп берудің амалдарын жасап жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Төтенше жағдай министрлігі Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының міндетін атқарушы Әсет Жылқайдаров қазіргі кезде қолға алынған жұмыстар барысын айтып өтті.
Бүгінгі таңда еліміз бойынша су тасқыны қаупі бар аймақта 1 223 елдімекен бар. Оларды қорғау үшін 576 шақырым қорғаныш бөгендері тұрғызылды. 822 шақырым дренаж жүйелері, каналдар мен арықтар жөнделіп, салынды. Автомобиль мен темір жол қатынастарында 960 су өткізу құрылысы орнатылып, ауыстырылды. 74 өзеннің қауіпті учаскелерінде 500 шақырымға жуық түбін тереңдету, жағалауды нығайту және арналарды тазарту жұмыстары жүргізілді.
Су тасқынына жедел ден қою үшін 37 мыңнан астам адам, 13 мыңнан астам техника, 4 096 су айдау және 640 жүзу құралдары бар азаматтық қорғау қызметтерінің күштер мен құралдар топтамасы құрылды.
Зардап шеккендерді қабылдау үшін 3,5 мыңнан астам пункт дайындалды. Қажет болған жағдайда материалдық резервтің тіршілікті қамтамасыз ету құралдары мен техникасы броньнан шығарылады. Азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдері жоғары дайындықта, ал құтқару авиациясы жедел кезекшілікте.
Қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың (ІІМ, ҚМ, ҰҰ, Қазгидромет, Қазсушар, Қазавтожол) мамандарын тарта отырып ТЖМ жедел су тасқынына қарсы штабы тәулік бойы жұмыс істейді. Осыған ұқсас штабтар өңірлерде де бар, - дейді министрлік өкілі.
Оңтүстік және батыс өңірлердің су тасқыны қауіпті учаскелерінде бекеттер қойылды. Олар тәулік бойы қалыптасқан жағдай туралы ақпаратты береді.
Қазгидрометтің алдын ала болжамын ескеретін болсақ, еліміздің 9 өңірінде (Ақтөбе, Абай, Ақмола, ШҚО, БҚО, Қарағанды, Ұлытау, СҚО, Қостанай облыстары) су басу қаупі жоғары болады деп күтілуде.
Жалпы күштер мен құралдар дайын. Жедел жағдайға байланысты қауіпті өңірлерге күштер мен құралдарды жеткізу, халықты эвакуациялау, сондай-ақ авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу бойынша шешім қабылдайтын боламыз, - деді Әсет Жылқайдаров.