Көктемгі су тасқыны: қауіп сейілді ме?

Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде су тасқыны салдарынан қауіп төнуі мүмкін 35 ауыл бар. Олардың қатарындағы 17-сі - қар суынан зардап шегуі мүмкін елді мекендер тізімінде. 

Апат айтып келмейді. Тәжірибе көрсеткендей, қазіргі уақытта бұл тізімде жоқ және бақылауға алынбаған ауылдар пайда болды.

Бірнеше күн бұрын Павлодар ауданына қарасты Рождественка ауылында 30-ға жуық шаруашылық нысаны мен бір үйге су кірді. 

Бізге хабар түскен соң мобильді топ сол ауылға аттанды. Кейін тағы екі эшалон жіберілді. Су тасқынымен күрес жұмыстарына жергілікті әкімдік те атсалысты. Біз қар суының ауыл ішімен жүруінің себебін анықтадық. Біріншіден, елді мекен геодезиялық және географиялық тұрғыдан күрделі жерде орналасқан. Ауылда ойпат жерлер баршылық. Екіншіден, су өткізгіш құбырлан сай даладан келген суға төтеп бере алмады. Салдарынан тұрғын үйдің ішіне кіріп кетті. Тағы бір нысан зардап шекті. Дегенмен, иелері шығын көлемін есептеуден бас тартты. Себебі, үйде жазғы уақытта ғана келеді. Қар суының бағытын өзгерту үшін Абай көшесіндегі жолды бұздық. Осылайша, су көшелерден бөлеу аумаққа ағып кетті, - дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашев.

Айта кетейік, Рождественко ауылындағы осындай жағдай 2015 жылы тіркелген. Екі жылдан соң ол бақылауда тұрған аймақтар тізімінен алынып тасталды. 

Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта Рождественка ауылындағы қауіп сейілді. Дегенмен бақылауға тұрарлық бірқатар елді мекен бар.

Қазіргі уақытта ауылдар бойынша сараптама жүргізілуде. Әкімдіктер тарапынан ақпарат жинастырылуда. Аққулы ауданының Қазы, Павлодар ауданының Даниловка, Ақтоғай ауданының Шұға мен Шолақсор ауылдары да бақылауға алынды. Алдағы күндері көктемгі су тасқынының екінші кезеңіне дайындық басталады, яғни, көрші облыстағы қоймалардан су босатыла бастайды, - дейді Жасұлан Жұмашев.

Осы күнге дейін жүргізілген әуе бақылау нәтижесінде Ақтоғай және Ертіс аудандарында қардың бары анықталды. Демек, бақылау күшейтіледі. 

Қуантарлығы, оқыс оқиға салдарынан қираған үй иелеріне жаңа баспана беріледі. Қазіргі уақытта жаңа үйді ресімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әзірге, төрт балалы отбасы туыстарын паналауда. Жергілікті әкімдік осындай қадамға барған. Себебі, су шайған үйді қалыпқа келтіру мүмкін емес.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы