Көктемгі су тасқыны. 65 ауыл бақылауға алынды

Ертіс өңірінде көктемгі су тасқыны кезінде 43 елді мекенге қауіп төнуі ықтимал. Қардың көп түскеніне байланысты тағы 22 ауылды бақылауға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Қарғын су кіруі мүмкін ауылдар жеті ауданда орналасқан. Бұл елді мекендерде 10 мың халық тұрады.

Облыстық ТЖД төтенше жағдайларды алдын алу жөніндегі басқарма бастығы Шәкір Ахметовтің айтуынша, қауіпті сейілту мақсатында ауылдарды қардан тазалау жұмыстары күшейтілді.

Атқарушы органдар мен жол қызметінің мамандары ауылдардан 1 млн текше метр қарды сыртқа шығарды. Республикалық, облыстық және жергілікті маңыздағы жолдардың бойындағы су өткізу нысандары мен құбырлары толық ашылды. Бақылауға алынған ауылдардың барлығы ойпатты жерлерде, сонымен қатар, су қорғау аумағында орналасқан. «Қазгидромет» мекемесінің ауа райы болжамын сараптай келе су басуы қаупі төнген ауылдардың санын көбейттік. Біз топырақтағы ылғал, тоңның қалыңдығын да есепке алдық. Қазірдің өзінде төтенше жағдай салдарын жою бойынша күш құрылымы мен техника құралдары дайын. Жеке құрамның 1700 қызметкері сақадай сай, - дейді Шәкір Ахметов.

Елді мекенге жақын жатқан су айдындарының арнасын тазалау мен су өткізу құбырларын орнату жұмыстары жүріп жатыр. Нақтырақ айтқанда, Ақтоғай ауданында Сілеті өзенінің жағасы бекітіліп, тереңдетілді. Республикалық маңызы бар «Атамекен-Ақсу-Көктөбе-Үлкен Ақжар-Курчатов» жолында үш су өткізу құбыры орнатылды. Ал жыл сайын су жүріп өтуі мүмкін «Ақтоғай-Шолақсор» жолында қар суының қозғалысын реттеу үшін шлюз орнатылды.

Апат айтып келмейді. Жағдай ушығып кетсе, арнайы техника мен адам қолы дайын. Сонымен қатар 37 мың тонна инертті материал мен 120 мың тонна жанар-жағармай әзір тұр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы