Көктемгі аңшылыққа салынған тыйым қанаттылардың санын көбейтті

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Көктемгі аңшылыққа салынған тыйым аңшылық шаруашылықтарын шығынға батырмай, жыл құстарының санын арттыруға септігін тигізді. 

Осыдан алты жыл бұрын көктемгі аңшылық маусымында құстардың бірнеше түрін аулауға салынған тыйым бүгінде өз нәтижесін берген сыңайлы. Мұның бір көрінісін ақ көрпенің шеті сөгіле өңірге ұшып келіп, ұя салатын жыл құстары санының көбеюінен байқауға болады. Құзырлы ұйымдардың хабарлауынша, бұл шарадан аңшылық шаруашылықтар да зардап шекпеген. 

Естеріңізде болса, еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты орман шаруашылығы жəне жануарлар дүниесі комитеті 2016 жылдан бастап Қазақстанда көктемгі аң аулауға тыйым салу жөнінде бұйрық шығарған болатын. Атап айтқанда, жаңа құжат аталық үйректі, ұрғашы шалшықшыны, жылқышыны, құр мен саңырау құрды көктемде аулауға шектеу енгізген еді. Оның себебі - көктемде балапан басатын құстардың көбеюіне аңшылық маусымының алапат кесірін тигізетіні. Дәл сол кезде жауапты органның бұл шектеуіне өңірдің өзен-көлі толған құс екенін алға тартқан аңшылар мен аңшылық шаруашылығын ұстаған кəсіпкерлер наразылық танытып, өре түрегелген болатын. 

Ол уақытта аталмыш салаға жауапты аумақтық инспекция өкілдері құстарды ғана емес, көктемде кез келген аң түрін аулау табиғатқа нұқсан  келтіретінін айтып, ұя басу үрдісі осы кезеңге дөп келетіндіктен көктемгі аң аулау жабайы құстардың гендік қорын нашарлатып жіберетінін тілге тиек етті. Оның үстіне көптеген аңшылар табиғатты сақтаудың қағидатын біле бермейтіндігі де айтылып, осының салдарынан қолданыстағы аң аулау ережесі өрескел бұзылып жататыны да сөз болды. Атап айтсақ, атылған оқтың гильзасы, сынған бұталар мен ағаштар, от жаққан орындар жəне атып алып алмай кеткен аңның өлексесі көктемгі су айдындарының «дəстүрлі келбетіне» айналған көрінеді.

Уылдырық шашу кезеңінде балықты, тұяқтылардың көбеюі кезінде жануарларды аулауға шектеу болғанымен, құстардың ұя басуы кезінде мұндай тыйым жоқтың қасы екені белгілі болған. Мамандар ресейлік тəжірибені алға тарта келе, күзгі аң аулау ғана аңшылық шаруашылығын дамытуға септігін тигізетінін байқаған. Осыған орай, Орман шаруашылығы жəне жануарлар дүниесі комитеті Қазақстан биологиялық əртүрлілікті сақтау ұйымымен бірлесіп жəне Зоология институтымен елімізде көктем кезінде аң аулауға тыйым салу жөнінде биологиялық түсіндірме дайындады. 

Тың бастаманы қос қолдап қолдаған танымал орнитолог Борис Щербаков Шығыс Қазақстанның Алтай тауларындағы құстардың 152 түрінің құрып бара жатқанын айтты. Ол қанаттылардың қырылуына себеп болған басты себеп - адами фактор екенін меңзеп, қарапайым мысал ретінде Өскеменнің өзінде торғайлардың құрып кеткенін алға тартты. 

Құстардың мүлдемге құрып бара жатқаны аңшы түгілі, қарапайым адамдардың көзіне ұрып тұр. Мəселен, Көкпектіден Зайсанға дейін жүріп өтсеңіз, үш-төрт қана жыртқыш аңды жəне бес-алты ұя салған үйректі ғана байқайсыз. Көлдің жағасына барыңыз – шағала да едəуір азайып қалған. Қазір қаншама аңшы бар, аңшылыққа құмар қанша адам бар, аңға шыққандағы қарулары да заманауи. Жануарлар əлемі мұндай күшке төтеп беруге шамасы келмейді. Бозторғайдың 11 түрі болған. Бүгінде Зайсанның жусаны жайқалған боз даласынан бозторғайдың əнін естімейсіз, - деген еді ол.

Құстардың популяциясына оң әсер етті

Күн суыта оңтүстікті бетке алып, ауған жерінде екіге жарылып бір бөлігі Гиндукушты асып Үнді мұхитында, енді бір бөлігі Таяу Шығыс елдерін басып өтіп Жерорта теңізінде қыстайтын қанаттылар көктем шыға туған мекеніне қайтатыны белгілі. Ондағы мақсаты біреу ғана – климаты қоңыржай Қазақстан мен оңтүстік Сібір және Моңғол үстіртінде ұя салып, санын көбейту. Бүгінде түрлі қақтығыстан тұралаған Сирия мен Ауған жерінде адамдардың жемтігіне айналып, Қазақстанға зорға жететін құстарды өзімізде қырып тастамаудың амалы осылайша жасалды. Қалай дегенмен, аңшылықты кәсіп қылған қауымның көңілінен шықпаған шектеу араға бес жыл салып өзінің уақытылы әрі дұрыс қабылданған шешім екенін дәлелдеді. Облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының хабарлауынша, аталмыш тыйым салынғанға дейін де министрліктің бұйрығымен көктемгі аңшылық кезінде жылқышының, үйректің, құрдың, саңырау құрдың аталықтарын, қоңыр аюдың аталығы мен қысыр қалған аналығын аулауға ғана рұқсат етіліп, қалған жануарлар мен құс түрлерін аулауға тыйым болған көрінеді. 

Сараптама нәтижесі бойынша суда жүзетін құстарды көктемгі аулауға тыйым салу Шығыс Қазақстан облысының суқоймаларында ұя салатын жабайы құстардың популяциясына оң әсерін тигізді. Есептік мәліметтерге сәйкес, құстар саны еселене түсті. Сондай-ақ, қоңыр аюды аулауға көктемгі аңшылыққ тыйым салу кезінде осы аң санының көбеюіне де оң әсерін тигізді, - дейді облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Ердос Үмітов. 

Атап айтсақ, 2016 жылы облыста 2108 қоңыр аю болса, бүгінгі күні олардың саны 565-ке ұлғайып, 2673 аюды құрады. Ал бес жыл бұрын салынған тыйым аңшылық шаруашылықтарының санының кемуіне әкеп соқпаған. Облыс аумағындағы барлық 59 аңшылық шаруашылығы бұрынғы қалпында жұмыс істеп тұрған көрінеді. 

Аталықтарын аулауға болады

Жоғарыда атап өткеніміздей көктемгі аңшылыққа мүлдем тыйым салынған жоқ. Яғни, суда жүзетін жабайы құстардың аталықтарын аулауға рұқсат бар. Мысалы, көктемгі аңшылық кезінде аталық жылқышының 1 наурыз – 30 сәуір, аталық үйректі 1 наурыз – 15 мамыр, аталық құрды 1 наурыз – 5 мамыр, аталық саңырау құрды 1 наурыз – 15 мамыр аралығында аулауға рұқсат берілсе, қоңыр аюдың аталығы мен қысыр қалған ұрғашысын 15 сәуір – 15 мамыр аралығында аулауға рұқсат етіледі. 

2021 жылғы бірінші шілдесінен 2022 жылдың бірінші шілдесі аралығында жануарлар дүниесі объектілерін алып қою лимиті бойынша қазға 3921, үйрекке - 75000, қасқалдаққа - 13705, құрға 8837, шілге - 6279, кептерге - 3615, саңырау құрға - 54, сұр құрға - 693 дана аулауға рұқсат берілді. Қазіргі таңда бір адамға қанша бас құс аулауға болатыны қолданыстағы заңнамалық нормативтерде белгіленбеген. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті басшысының міндетін атқарушының 2016 жылғы 24 қарашадағы №265-ші бұйрығымен көктемгі аңшылыққа тыйым салынған болатын. Ал, 2020 жылдың 20 сәуірінде суда жүзетін құстар мен қоңыр аюды көктемгі аулауға салынған тыйым алынып тасталды, – деп қосты Ердос Үмітов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы