Көктемге қарай бензин бағасы неше теңгеге қымбаттайды – болжам

Елімізде енді жанар-жағармай бағасын нарық реттейді. Бұл жанармай тапшылығының алдын алу және көрші елдермен баға айырмашылығын азайту үшін жасалып отыр. Осы тақырып аясында BAQ.KZ тілшісі Қазақстан жанармай қауымдастығына сауал жолдаған еді.

Жанармай бағасы қымбаттайды: Қазақстан неге ЖЖМ реттеуден бас тартты?

Қазақстандағы жанар-жағармай (ЖЖМ) нарығында түбегейлі өзгеріс орын алуда. Бұған дейін мемлекет тарапынан баға реттеліп, жанармай мен дизель отынының құны жасанды түрде төмен деңгейде ұсталып келген еді. Алайда енді бұл тәжірибеден бас тартылды. Қазақстан жанармай қауымдастығының мәлімдеуінше, бұл шешім тапшылықтың алдын алу және нарықты тұрақтандыру үшін қабылданған.

ЖЖМ бағасының өсу себептері қандай?

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстандағы жанармай бағасының күрт көтерілуіне бірнеше негізгі фактор әсер етіп отыр:

1.Көрші елдердегі баға айырмашылығы

2023 жылы сәуір айында Ресейдегі АИ-92 бензині мен дизель отыны Қазақстанға қарағанда 40-50 теңгеге қымбат болатын. Ал қазіргі таңда бұл айырмашылық 90-100 теңгеге дейін жетті. Ресейде жанар-жағармай бағасы нарықтық жағдайда қалыптасады, ал Қазақстанда мемлекет оны жасанды түрде ұстап келген. Бірақ бұл жүйе ұзақ мерзімді перспективада тиімсіз болып шықты.

2.Мұнай кәсіпорындарының шығынға батуы

Мемлекет бағаны ұстап тұру үшін мұнай өндіруші компанияларға төмен бағамен шикізат беруге міндеттеген. Бұл өз кезегінде мұнай өңдеу саласын табыссыз бизнеске айналдырды. Кәсіпорындар өзіндік құнын ақтай алмай, қарызға бата бастады. Мұнайды ішкі нарыққа өткізу тиімсіз болғандықтан, өндірушілер ұсынысты азайтты, нәтижесінде тапшылық қаупі туды.

3. Теңгенің құнсыздануы мен инфляция

Ұлттық валютаның әлсіреуі жанармайдың өзіндік құнына тікелей әсер етеді. Көптеген қосалқы материалдар мен жабдықтар шетелден импортталатындықтан, теңгенің құнсыздануы жанармай өндірісінің шығындарын арттырып жіберді.

Мемлекет неге жанар-жағармай бағасын реттеуден бас тартты?

Үкімет тапшылықтың алдын алу үшін жанармай бағасын кезең-кезеңімен еркіндікке жіберуді қолға алды. Бұл шешімнің басты мақсаты – отын нарығын тұрақтандыру және Қазақстандағы жанармай бағасын Ресей деңгейіне жақындату. Қазіргі жоспар бойынша, ЖЖМ құны бір-екі жылдс көрші елдегі жеке автобекеттердегі бағамен шамалас болады.

Мұнай өнімдеріне деген сұраныс сақталғанымен, олардың ұсынысы азайып барады. Бұл ішкі нарықтағы өндіріс көлемінің төмендеуіне және импортқа тәуелділіктің артуына әкелуі мүмкін. Осыны болдырмау үшін мемлекет жанар-жағармай бағасын еркіндікке жіберу арқылы отын тапшылығының алдын алмақ.

Бағаның көтерілуі кімге пайда береді?

Қазақстан жанармай қауымдастығының дерегінше, ЖЖМ бағасы өскен жағдайда оның 80%-ы акциз ретінде мемлекетке түседі. Яғни, бұл табыс автобекеттер мен ірі көтерме сауда иелерінің емес, бюджеттің пайдасына жұмсалады. Ал қалған 20%-ы инфрақұрылымды дамытуға, мұнай өндірісін арттыруға және нарықты тұрақтандыруға бағытталады.

Бензин бағасы көктемге қарай қанша теңгеге өсуі мүмкін?

Мұны Жанармай қауымдастығы былай деп түсіндірді:

KC Energy Group пен ҚазМұнайГаз секілді жанармай нарығын 80%-ға бақылап отырған компаниялар 1 ақпаннан бастап көтерме бағаны қымбаттатты. Яғни, жанармай сататын бекеттер ақпанда отынды бұрынғыдан қымбатқа сатып ала бастады. Орташа есеппен, АИ-92 бензині мен дизель отынының көтерме бағасы литріне 4 теңгеге өсті. Сол себепті, ақпан айының соңына қарай, бұрынғы қорлар таусылған сайын, жанармайдың бөлшек бағасы да литріне 4 теңгеге қымбаттауы мүмкін.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы