Көктемде Байқоңырдан ракета ұшыруды тоқтату керек - Сенатор
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Сенат депутаты Мұхтар Бақтиярұлы жұмыс сапармен Арал, Қазалы аудандарындағы бірнеше шаруашылықтарды аралап, шаруа қожалықтары басшыларымен кездесіп табиғи қуаңшылық пен су тапшылығына байланысты қалыптасқан ахуалды көзбен көрді.
Шын мәнінде өңірде табиғи шөптің шықпай қалуына байланысты жердің беті күйіп кеткен. Аудан әкімінің ресми дерегі бойынша 600-ге жуық сиыр, жылқы, түйе шығын болған. Бұдан көп болуы да мүмкін, өйткені базаға тіркелмеген малдар санын ешкім білмейді. Үкімет тарапынан жем-шөпке беріліп жатқан ақшалай көмек бар. Бірақ ол әлі де болса бір реттік болғандықтан жеткіліксіз - дейді сенатор.
Оның сөзіне қарағанда малы бар шаруалар қыстан қалай шығамыз деп уайымдап отыр.
Бұл мәселені жүйелі түрде шешуге болады. Біріншіден, сонау кеңес кезінде бар, бірақ қазір істен шыққан құдық, скважиналарды тез арада қалпына келтіру керек. Сонда Қызылорда облысының батыс аудандарындағы малдарды табиғи шөбі мол Қарақұмға, оңтүстік аудандардың малдарын Қызылқұмға жаюға болар еді. Егер Үкімет мал суғаратын скважиналарды жаңалап берсе, Сыр өңірінде жайылымға байланысты мәселе болмайды және мал басын көбейтуге септігін тигізері сөзсіз. Екіншіден, Байқоңырдан наурыз, сәуір, мамыр айларында кез-келген ракета түрінің ұшырылуына тиым салу қажет. Өйткені әрбір ұшкан ракетадан кейін кемінде он күн шаңды жел тұрып, ол өз кезегінде жердің ылғалын кептіріп жібереді - дейді Мұхтар Бақтиярұлы.
Сенатор сапар барысында жаңадан сайланған аудандық мәслихаттардың депутаттарымен кездесіп, пікір алмасқанын айтты.
Субсидия, су тапшылығы, сатып алу заңына қатысты ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар аудандардағы бірнеше мектептерде болып, жаңа оқу жылына дайындық барысын көрдім. Қамбаш көліне былтыр да арнайы барған едім, биыл бес жүз метрге дейін жағалаудан төмен түсіп кетіпті. Тұздануы да жылдам жүріп жатыр. Өйткені суы аз Сырдариядан көлге су құйылмайды.Төрт млд куб суды жыл сайын күрішке жібереміз, жоғарыдан өзімізге тиісті лимитті аламаймыз. Бәрімізді ойландыратын жағдай - дейді ол.