"Көктем-2025" республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу басталды

2025 жылғы 6 ақпанда еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінде "Су тасқыны кезеңі жағдайларындағы төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдарға азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің басқару органдарын, күштері мен құралдарын дайындау" тақырыбында "Көктем-2025" республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығудың 1-ші кезеңі басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оқу-жаттығу азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің және халықтың көктем мезгілі жағдайында төтенше жағдайларды жоюға дайындығы мен қабілеттілігін арттыру, азаматтық қорғау қызметтері мен құралымдарының көктем кезеңдегі ТЖ-ға ден қоюға дайындығын тексеру мақсатында өткізіледі.

Оқу үйлестіру және жетекшілік ету жөніндегі республикалық штаб Атырауда орналасты.

Оқу-жаттығу шеңберінде екі күн бойы Алматы, Шымкент қалаларында, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан және Жетісу облыстарында ТЖ жою жөніндегі іс-қимылдарды пысықтау бойынша командалық-штабтық жаттығулар, авариялық-құтқару қызметтерімен және азаматтық қорғау құралымдарымен практикалық іс-қимылдар өткізіледі.

Сонымен қатар "Баршаның назарына!" дабылы бойынша аумақтық деңгейдегі құлақтандыру жүйесінің дайындығын тексеру мақсатында 2025 жылғы 6 ақпанда, сағат 11.00-де барлық дыбыстық электр дабылдары қосылатын болады. Осыған орай тыныштық сақтауларыңызды және үрейге бой алдырмауларыңызды сұраймыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі
Өзгелердің жаңалығы