Көксулықтар газ бен емханаға қарық болмақ

Жетісуда алыстағы ауылдарға медициналық пунктер салына бастады. Бұл иігілікті іс Көксу ауданынан бастау алуда. Өңірге қарасты 4 ауылда жаңа емхана тұрғызылады, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Мысалы Ақтекше елді мекенінде әлеуметтік нысанның құрылысы жүріп жатыр. Аудан басшысы Марлен Көлбаев ауыл тұрғындарымен жүздесіп, нысанның ішкі жұмыстарымен танысты. Жалпы, талап бойынша ауылда фельдшерлік-акушерлік пункт болу үшін тұрғын саны кемі 800 болуы қажет. Өкінішке қарай, егер халық саны жетпесе емхана салынбайды. Былтырдан бері ауданда тез құрылатын блокты-модульді медициналық пункттер тұрғызыла бастаған. Алғашқы заманауи емхана Жамбыл ауылында бой көтерді.

Заман талабына сай блокты-модульді медициналық пунктті салудың басты ерекшелігі – оаған басқа нысандар сияқты жобалау-сметалық құжат жасалмайды. Бұл істі ілгерлетуге үлкен мүмкіндік. Әйтпесе сол құжатты жасаудың өзіне бірнеше жыл және қыруар қаржы кететіні көпке мәлім. Оның үстіне, блокты пункт 1-2 айда орнатыла салатын болғандықтан өте ыңғайлы. Құрылысқа пеноблок материалы пайдаланылады. Ғимарат жарты ғасырға дейін сыр бермейді. Ауласы көгалдандырылып, қоршалады. Ғимаратта үш адам, яғни фельдшер, санитар-тазалықшы және күзетші жұмыс істейді. Былтырдан бері біраз тәжірибе жинап қалдық, деді аудан әкімі Марлен Көлбаев.

Былтыр облыс басшысы Көксу ауданына сапарында халықтың дені медициналық пунктің жоқтығын айтқан еді. Енді 10 жылдық Қазақстан, Мұқаншы, Мәулімбай ауылдарында жаңа емхана бой көтермек.

Кешегі баспасөз мәслихатында облыс әкімі Бейбіт Исабаев 2022 жылы жергілікті бюджет есебінен 12 блокты-модульдік медициналық пункт орнатылғанын айтқан еді. Ал биыл облыста 27-сі, ал 2025 жылға дейін тағы 34-і тұрғызылады.

Тағы бір қуанышты жаңалықты айта кетсек, осы ауданға тиесілі 12 елді мекен көгілдір отынға қол жеткізбек. Мұны аудан басшысы Алғабас ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуінде бөлісті.

Газ келетін ауылдарды түстеп өтсек, Алғабас, Ақшатоған, Айнабұлақ, Бозтоған, Жарлыөзек, Қызылтоған, Талапты, Жетіжал, 10 жылдық Қазақстан, Жеңіс, Кеңарал және Ақтекше ауылдары. Бұл елді мекендерді газдандыру бойынша жобалау жұмыстары тәмамдалды.. Шілде айында құрылыс монтаж жұмыстары басталады. Келер жылы тамыз ацында әрбір отбасы газбен тамақ істемек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы