Көксу зауыты өнім қабылдауды бастады

Көксу қант зауыты аптаның алғашқы күні Көксу аймағы мен Қаратал ауданынан жеткізілген қант қызылшасын қабылдай бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қант қызылшасын жинап, өткізуге әкелген шаруашылықтар арасында гектарынан 700 центнерден алып жатқандар да бар.

Көксу қант зауытының директоры Алтынбек Абатовтың айтуынша, бірінші күні зауытқа 100 тоннаға жуық өнім әкелінген. Алғашқы болып өнім жеткізген шаруа қожалықтары кешке дейін тағы 2-3 рейс жасайды дейді ол. Қызылшадағы қант мөлшері 12-13 пайызды құрайды, күн суи бастағанда бұл көрсеткіш арта түседі. Өнім өңдеу 15 қыркүйектен басталады, зауытқа жалпы көлемі 220-250 тонна қант қызылшасы өңдеуге әкелінеді деп күтілуде.

Қант зауытына өнім әкелгендердің бірі - Рахадыр Доғдырбек. Көксу станциясында қызылша жинауды бастаған «Меке» шаруа қожалығының басшысы қазір өнім жинауға 30 адам жұмылдырылғанын айтты. Ауа райы қолайлы болса, егін қыркүйек айының соңына дейін жиналып бітеді.

Рахадыр Доғдырбек ауыл шаруашылығымен 2012 жылдан бері айналысып келеді. Ол 50 гектар егістік жерінің 15 гектарына биыл қант қызылшасын сепкен. Шаруа қожалығының тәтті түбір өсіруге ден қойғанына 8 жыл болыпты. 

Бастапқыда 5 гектарға сеуіп бастағанмын. Қазір 15 гактарға жеткіздім. Бұл дақылды күтіп-баптай білсең, соған сай өнімі де жоғары болады, - дейді шаруа.

Қаратал ауданында қант қызылшасын жинауға алғашқылардың бірі болып «Бекмұрзаев» шаруа қожалығы кірісті. Бұл қожалық 2015 жылдан бастап Қанабек ауылында жұмыс істеп тұр. Басшысы Берік Шегебаевтың айтуынша, 10 гектар суармалы жердің 6 гектарына қант қызылшасы егілген. Биыл суармалы су жеткілікті болғандықтан өнім де мол шыққан, әр гектарынан 700 центнерден айналуда.

Алқапта қызылша жинауда 20 адам еңбек етеді. Қазір қожалық жетекшісі қызылша жинайтын комбайн сатып алуды жоспарлап отыр. Ол үш ұлы да өзімен бірге алқапта жұмыс істейтінін, көліктің кез келген түрін жүргізе алатындарын айтады. Яғни олардың техниканың тілін түсініп, жұмысты сәтті жалғастыра алатындарына сенімді.

Еске салсақ, осы жылы Көксу ауданында 114 шаруа қожалығы 1881 га, Қаратал ауданында 75 шаруа қожалығы 1106,7 га қант қызылшасын еккен. Ал жалпы облыс бойынша биыл 8100 га алқапқа қызылша себу жоспарланса, бұл көрсеткіш 8742 га құрады. Өңірде 370 мың тонна тәтті түбір жиналып, 62 мың тонна қант өндіріледі деп күтілуде.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Алматы облысы әкімдігінен
Өзгелердің жаңалығы