Көкшетаулықтар білікті заңгерлерден тегін кеңес алды

Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және тегін заң көмегін көрсету мақсатында «Көкшетау» мәдениет сарайында «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясы өтті, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Акция аясында кез-келген адам аймақтың заң қауымдастығының үздік өкілдерінен қажетті кеңесті тегін ала алды.

«Параграф» ақпараттың жүйесінің қызметкері Әлішер Айтжан ұйымдастырылып отырған шараны маңыздылығын атап өтті.

Еліміздің 18 қаласында өтіп жатқан бірегей іс-шараның мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, тегін заңгерлік көмек беру. Бұған дейін алдын-ала барлық ақпарат құралдары арқылы хабарландыру жасадық.  Нотариустар, заңгерлер, білікті мамандар азаматтардың кез-келген сұрақтарына жауап беретін болады. Біздің ақпараттық жүйе жеке және заңды тұлғалармен жұмыс істейді. Сайтымыз бен ақпараттық платформа арқылы кез-келген азамат өзін толғандырған мәселемен шыға алады. Портал негізінен бухгалтерлік, заңгерлік, ТМД елдерінің заңнамаларына мамандандырылған», - дейді Әлішер Айтжан. 

Халыққа тегін жоғары білікті заң көмегін көрсету үшін түрлі салалардан 40-тан астам кәсіби заңгерлер тартылды. Олардың арасында танымал адвокаттар, нотариустар, сот орындаушылары, полиция қызметкерлері, әділет, көші-қон полициясы қызметкерлері, мемлекеттік органдардың басшылары және басқалар бар.

Заңгер мамандығы бүкіл әлемде қоғамда ең құрметті және сұранысқа ие болып саналады. Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз және әрбір азамат өз құқықтарын біліп, оларды қорғай білуі керек. Бүгінде әркімнің білікті заң көмегін тегін алуға мүмкіндігі бар. Біздің міндет-халыққа қызмет ету, демек, азаматтардың барлық қажетті ақпаратты алуына, олардың мәселелері мен проблемаларын одан әрі шешу үшін дұрыс бағыт беруіне бар күш-жігерімізді салу, - деп атап өтті заңгер Ольга Барышева. 

Облыс тұрғындары өздерін толғандыратын басқа да проблемалармен жүгінді. Мысалы, жер мәселесі, мүгедектікті тағайындау, салық аударымдары, әлеуметтік қорғау, сот актілерін орындау, зейнетақы аударымдары, неке бұзу процестері, мүлікті бөлу және т. б. проблемалар алға тартылды.

Акцияға ерікті ретінде қатысудамыз. Азаматтардың құқықтық мәселелерімен танысып, көмек көрсетеміз. Осылайша тәжірибе жинақтаймыз деп ойлаймын, -дейді Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің 3 курс студенті Юлия Левчук, 

Ақмола облыстық адвокаттар коллегиясының адвокаты Айгүл Жүнісованың айтуынша, бүгінгі акцияда мүгедек жандар, аз қамтылған, көпбалалы отбасылар, зейнеткерлер – яғни, жасына, санатына қарамастан кез-келген азамат тегін құқықтық көмек ала алады. 

Негізінен тұрғындар тұрғын үй, коммуналдық сала мәселелерімен жүгінеді. Сондай-ақ қоғамдағы күрделі мәселеге айналған қаржылық пирамидаға қатысты сауалмен көп келеді. Әлеуметтік желілерде жала жабу, қорлау да көбейіп кеткенін айтуымыз керек. Дегенмен, осындай шараларды көптеп өткізу арқылы тұрғындардың құқықтық мәдениеті артып келе жатқанын байқауға болады. Азаматтар құқықтық мәселелер бойынша Тәшенов көшесі, 47/2 мекен-жайында орналасқан Ақмола облыстық адвокаттар коллегиясына және инстаграмм желісі арқылы мамандардан кеңес ала алады алады, - деп түсіндірді Айгүл Жүнісова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы