Көкшетаулық колледж студенттері жұмыс берушілермен кездесті
Көкшетау қаласының тарихи музейінде колледж студенттері жұмыс беруші кәсіпорын өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Ұйымдастырушылар «Ұрпақ ұлағаты» іс-шарасының мақсаты – өскелең ұрпақты Көкшетаудың ірі кәсіпорындарының бірінің тарихымен таныстыру, сондай-ақ болашақ мамандарды жұмысқа бейімдеу екенін атап өтті.
Алдымен мекеме қызметкерлері мұражай бойынша экскурсия өткізді. Қызықты экспонаттар туралы айтып, компанияның өнімдері мен жетістіктері туралы көрме мен бейнеролик ұсынды.
Қалалық сүт зауыты кәсіпорны өкілдерімен кездесу барысында кәсіпорын өкілі Бақшагүл Нұрмолдина шеберлік сағатын өткізіп, маркетолог ретіндегі жұмысының ерекшеліктері туралы айтып берді. «Гормолзавод» ЖШС-нің қалыптасу және даму тарихы, өнім брендтері, кәсіпорынды жаңғырту жобасы жайлы әңгімеледі.
Маркетолог жұмысы қызықты және күрделі. Мысалы, жаңа өнімді шығаруға 6 айдан 8 айға дейін уақыт кетеді, процесс көп уақытты қажет етеді. Сіз өнімді сынап көруіңіз керек және қала тұрғындары оны тауарлар нарығындағы бәсекелестікті ескере отырып сатып алғысы келеді. Біз брендті насихаттау, имидждік іс-шаралар, нарық қажеттіліктерін талдау, мақсатты аудиторияның сұранысын зерттеу, дистрибьюторлармен және супервайзерлермен ынтымақтастық, жеткізушілерді іздеу, халыққа жарнамалық акциялар ұйымдастыру бойынша жұмыс істейміз, - деп атап өтті Бақшагүл Нұрмолдина.
Кәсіпорын тіл үйірер балмұздағымен, сары майы, йогурт, айранымен танымал. Сондай-ақ ұлттық тағам түрлері – құрт пен қоспа шығарылады.
Уақытпен қатар ілесу үшін компания басшылығы сүт цехына заманауи инновациялық жабдықтар сатып алды. Алда өндірісті кеңейтуді жоспарлап отырмыз, экологиялық таза қаптамалар шығарамыз, сыйлық қораптарын әзірлейміз. Кәсіпорынның негізгі қызметі – ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу. Компанияның жеке жем-шөп базасы бар фермасы жұмыс істейді. Шығарылатын өнім сапасын бақылайтын зертхана бар. 2018 жылы кәсіпорын «Алтын сапа» сапа саласындағы жетістіктері үшін елеулі марапатқа ие болды, - дейді маман.
Ол атап өткендей, кәсіпорын жастарды жұмысқа орналастыруға көп көңіл бөледі.
Облыс колледждерімен тығыз байланыстамыз, оқу орындарының түлектерін жұмысқа шақырамыз, қызметкерлер үшін әлеуметтік пакетті қамтамасыз етеміз. Сондай-ақ бізде әлеуметтік желілер белсенді жұмыс істейді және азаматтардың ұсыныстары мен сұраныстарын ескереміз, бірде-бір өтініш назардан тыс қалмайды. Компания өзін сапа, қолжетімді баға, тұрақтылық және табиғилық маңызды кәсіпорын ретінде көрсетіп келеді, - деп түсіндірді маркетолог маман.
Оның айтуынша, кәсіпорын брендке айналған өнімдерімен ғана емес, сонымен қатар ұйымшыл ұжым және креативті мамандар тобымен танымал.
Ақпарат, жетістіктерімізбен бөлісеміз, біліктілікті арттыруға көп көңіл бөлеміз, заманауи менеджмент бойынша арнайы курстан өтеміз. Ұжымда көптеген еңбек отбасылық әулеттері бар. Мысалы, зауыт құрылған сәттен бастап 50 жылдан аса адал еңбек етіп келе жатқан қызметкерлер де бар. Бізден Көкшетау брендіне айналған балмұздақтың танымалдығы мен дәмінің құпиясы неде деп жиі сұрайды. Біз табиғи сүтті қолданамыз, барлығы мемлекеттік стандарт талаптарын сақтай отырып жасалады, – деп атап өтті Бақшагүл Нұрмолдина.
Ол кәсіпорынға сауатты мамандар қажет екенін атап өтті. Өйткені компания өндірісті кеңейтіп, өнім көлемін және фермадағы ірі қараны 5 мың басқа дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Маман жастарды жақсы оқуға, шет тілдерін білу деңгейін арттыруға, өздерін белсенді көрсетуге шақырды.
Тоқсаныншы жылдардың өтпелі кезеңінде кәсіпорын жабылып қалмас үшін жекешелендірілді. Алдағы уақытта жаңа жұмыс орындары құрылады. Бізде қала бойынша 17 және Красный яр ауылында бір павильон жұмыс істейді, Қазақстанның әр қаласында өз дистрибьюторы бар. Бізге басқа елдерден де ынтымақтастық туралы шақырулар келіп түседі. Зауытта 180-ге жуық адам, павильондарда орта есеппен 380 адам жұмыс істейді. Колледждер бізге қажетті мамандарды даярлайтын болса, біз жұмыс істеуге әзірміз, – деп түйіндеді Бақшагүл Нұрмолдина.
Іс-шараға қатысқан құрылыс-технологиялық колледжінің аспаз-кондитер мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттері кәсіпорын өнімдерінен дәм татып, естелік суретке түсті.