«Көкшетаудың Ақтоқтысы!» дегенде төбем көкке жеткендей күй кешетінмін – актриса
Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Актриса, ҚР Мәдениет қайраткері Жанар Құсайынованың есімі көкшетаулықтарға етене таныс. Осыдан жиырма бес жыл бұрын облыс орталығында қазақ драма театры ашылған күннен еңбек етіп келе жатқан өнер иесінің талай кейіпкері көрерменнің көңіліне кілт, жүрегіне жол тапты.
Ауылда әкем «Жұлдыз» журналын жаздырып алатын. Сондағы жақсы әңгіме, аңыздарды бізге оқып беретін. Бұл да бала қиялымның шарықтауына себеп болды деп ойлаймын. Әкенің күші, ананың сүтімен дарыған өнер мені Алматыға жетелеген болуы керек.
Тоқсаныншы жылдары ел экономикасының тұралап тұрғаны белгілі. Осындай күрделі кезеңде жаңадан құрылған жас ұжымда қиындықтар болған шығар?
–Екі топ боп келген бізді театр режиссері Мұратбек Үкібайұлының өзі қарсы алды. Ол уақытта театрымыз бұрынғы Ақбидай ғимаратында еді. Сол тұстағы қала әкімі Қызыр Жұмабаевтың қолдауымен қазақ театры ашылды. Бәрі оңай болған жоқ. Егемендік алған алғашқы жылдары ел экономикасы аса мәз емес-ті. Әртіс болдық, сахнаның биігінен көрінеміз, Көкшені көреміз деп келгендер қиындыққа тап болды.
Арқаның ақырған аязына да төзу оңай болған жоқ. Жас болғандықтан ба, елемеуге тырыстық. Жаңа құрылған театрда бірден бәрі жақсы болып кетті деп айта алмаймын, материалдық жағынан мәселелер туындады, костюмдер жетіспейтін. Тапсырыспен алдырған сахналық костюмдерді театрға өз қолымызбен көтеріп кіргізіп, киіп көргеніміз есімде. Қиындықтың барлығы театр ашылғаннан кейін басталды.
98-99 жылдары ел экономикасы шатқаяқтап тұрған шақтағы қиыншылық – екі-үш айлап жалақы алмайтын күндер тек біздің ғана басымыздан өткен жоқ. Сол тұста бізбен бірге келген курстастарымыздың жартысы кетіп қалды. Кейін әрқайсымыз баспаналы болдық. 2004 жылы театрымыз жаңа ғимаратқа көшті. Тек береке-бірлік, ауызбіршіліктің арқасында ғана қиындықтарды жеңіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мәдениет пен өнерге деген жанашырлығының арқасында осындай дәрежеге жеттік.
Театрдың алғашқы қойылымы «Ақан сері-Ақтоқтыда» басты рөлді сомдадыңыз. Ақтоқты образын алғаш сахнаға алып шыққанда көрермен қалай қабылдады?
–«Ақан сері-Ақтоқты» спектаклін қазақтың біртуар азаматы, Қ.Қуанышбаев атындағы Астана қазақ музыкалық-драма театрының режиссері Жақып Омаров келіп қойды. Ол кісі бәрімізді сахнаға шығарып, іріктеу өткізген соң режисер «Ақан бар, Ақтоқты бар, осы спектакльді қоямын» деп шешім қабылдады. Мен осы қойылымда басты кейіпкер - Ақтоқтының образын сомдадым. Ақан рөліне актер Жарас Қалдаров таңдалды. Екеуіміз институт қабырғасынан бері партнер болып келе жатырмыз. Бірден Ақтоқтыны ойнау үлкен жауапкершілік болды мен үшін.
Өзім ойлағандай биік деңгейде сомдау әрине, оңайға соққан жоқ. «Үш жүзге аты мәлім Ақандай сері ғашық болған қыз – Ақтоқты қандай болуы керек?» деген сұрақтарға жауап іздедім. Рөлді шынайы, нанымды алып шығу үшін сол заманға ойша сапар шегіп, кейіпкерлердің тағдырын өн бойымнан өткізуге тырыстым. Алғаш ойнағандықтан, бұл рөл маған өте ыстық. Өнерге сусап отырған көкшелік көрермендерге бұл үлкен жаңалық, қуаныш болды десем артық айтқандық болмас. Спектакль аяқталғанша көрермен сілтідей тынды. Сахнадағы декорация, жайнап тұрған жап-жас әртістер, көрсең көздің жауын алатын ұлттық костюмдер жұртты таң-тамаша қалдырды.
Ең алғашқы қойылым. Алғашқы сенім. Алғашқы жауапкершілік. Ақан мен Ақтоқты арасындағы шытырман оқиға көкшетаулықтарға ежелден белгілі. Талантты режиссер Жақып Омаров өзіндік қолтаңбасымен қойды.Премьера сәтті өтті. Ауыр сынақ, арпалысқа толы күндер мен түндер артта қалды. «Жанар ойнай ма екен?» деп сұрап алып, «иә» десе театрға асығатын көрерменнің бар екеніне көзім жетті. Бұл актриса үшін үлкен бақыт, зор құрмет.
Кездесулерде өнер сүйер қауым «Көкшетаудың Ақтоқтысы!» дегенде төбем көкке жеткендей күй кешетінмін. Бұл да көрермендердің маған деген ерекше бір қошеметі, ыстық ықыласы шығар. Арнайы диплом болғанымен, тәжірибе аздау, театр үлкендерінің ақылдарын айтып, жандарына жақын тартқан кездерін ұмыта алмаймын.
Театр әлеміне қадам басқалы кімдердің тәлім-тәрбиесін көрдіңіз?
– Тетрда алдыңғы буын аға-апаларымыздан үйрене жүріп, солардың тәлімін алып шыңдалдым. Алғаш театрға келген кезімде тәлім берген Жібек апайымызды ерекше атап өтер едім. 35 жыл Қызылорда театрында еңбек етіп, біздің арамызға келіп қосылды. Көкше өңіріндегі жалғыз Халық әртісі. Айжан апай Алматыда сабақ берді. Әр премьера сайын осы апайлардан сын естуден қорқатын едік. Екеуі де өмірде қарапайым, жұмсақ адам болғанымен, сахнада өте қатал адам дер едім. Талабы өте жоғары. Жібек апаймен әлі күнге сахнада партнер болып келе жатырмыз. Өнер адамдарымен жақсы араласамыз. Балаларымыз дүниеге келгенде Мұратбек Үкібайұлы ағамыз бен Айжан Бәдірқызы, Жібек Бағысова апайларымыз бөбектерімізді қырқынан шығарып, тұсауын кесіп, азан шақырып ат қойып жүрді. Қазір соның бәрі өзіміздің басымызда. Марқұм Айжан апай «біздің жолымызды сендерге берсін» дейтін. Қазір өзіміз сондай жолға жетіп, кіндік шеше болып, тұсау кесіп, сондай бір үлкен мәртебеге ие болып жатырмыз.
Осы уақыт ішінде бірқатар рөлді сомдапсыз. Өзіңізге жүктелген образды ашу үшін қалай дайындаласыз?
–Кәсіби актриса ретінде образды сәтті алып шығу жаныңда жүрген партнерларға көп байланысты дер едім. Бағыма қарай Жарас Қалдаров, Сафуан Шаймерденов, Гүлмира Жакилина, Бағлан Иманғазинов, Зафура Арзымбетова, Айна Жүнісова, Құмарбек Қалқатаев, Мендеш Шапихов, Отарәлі Құлжанов, Кенжеғазы Қарымсақов, Төлеубек Көңбай, Елтай Мұстанов сияқты талантты актерлермен бір сахнада ойнағаныма шексіз ризамын. Қаншама режиссерлермен жұмыс істедік. Олардың барлығы бізге қызығатын, сендермен кез келген дүниені сахнада алып қою беруге болады, деп баға беретін. Жоғарыда аты аталған актерлердің көбі театрымыздан кетіп қалды. Оларды қатты сағынамын.
Мен өз партнерыма өте-мөте талапшылмын және оның әрбір қимылын, қас-қабағын қатаң бақылауға үйренгенмін. Партнермен жұмыс, яғни оны тыңдай білу, өрген бұрымдай етіп өрнектеп, өріп әкету үлкен өнер.
Осы кезге дейін еншілеген рөлдеріңіздің қайсысы жан дүниеңізбен үндес? Арманыңыздағы рөлді сомдай алдыңыз ба?
– Аллаға шүкір, осы уақыт ішінде әр актрисаның арманында жүрген біраз рөлдерді ойнаппын. Сахнада 120-ға жуық образды сомдадым. Рөлдерімді «анау жақсы, мынау жаман» деп бір-бірінен бөле жарғым келмейді. Әр рөлімді жан-тәніммен жақсы көремін. Әр рөлімнен ой түйдім, өстім-өндім. Адам болған соң сәтті образдар көңіл-күйіңе де байланысты шығуы мүмкін. Бірде сәтті, бірде сәтсіз болып жатады. Бірақ мұны актриса ретінде өзің іштей білесің, бірақ көрерменге сездірмеуге тырысамыз. Режиссермен бірлесіп жұмыс істегеннен кейін образды терең ашу үшін дайындаласың. Сахнаға шықпай тұрып 60-70 пайыз дайындықпен келуің керек. Көрерменге дайын дүниені ғана ұсынатындықтан, олар біздің әр қойылымға жанкештілікпен еңбектенетінімізді біле бермейді. Актер сахнаға бір рөлді алып шығу үшін оған барын салады. Біз алдымен өзімізге тапсырылған кейіпкерді жан-жақты зерттейміз. Ол қалай сөйлейді, қалай жүріп-тұрады? Баянғали Әлімжановтың «Құдалық» қойылымында жеңгей рөлін сомдадым, бұл рахаттанып, ләззат алып ойнайтын рөлдерімнің бірі. Ең жақсы көретін спектаклім – Шекспирдің «Король Лирі», Камюдің «Калигуласы». Бұлар – классика ғой! Жалпы,актриса болған соң жан-жақты болуың керек. Яғни, комедия, трагедия, драманы да ойнау керексің. Мұның бәрі актердің ашылуына септесетін мектеп.
Сіздіңше шығармашылық шабытты еселейтін не? Өшіретін не?
–Актерді өсіретін де, өшіретін де – режиссер. Кейіпкерді ойдағыдай шығару жалғыз актерға ғана байланысты емес. Оған драматургтен бастап, режиссер, театрда жүрген көптеген адам еңбек етеді. Керемет дайындықпен келетін нағыз майталман режиссерлер келгенде шабытың оянады. Тіпті уақыттың қалай өткенін де байқамай, түнгі он екі-бірлерге дейін жұмыс істейміз. Ал кейде көңілің болмай, еңсең басылып, жұмыс істеуге зауқың соқпайтын да кездер болады. 2013 жылы Қостанайда өткен фестивальде Альбер Камюдің «Калигуласын» ойнадық. Сенесіз бе, спектакль аяқталып, бес минуттай тыныштық орнады да, сахна шымылдығы қайта ашылғанда жарты сағат көрермен бізді жібермей қошемет көрсетті. Сол кезде фестивальдің төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов «Ойпырмай, облыс театрларында да Астана мен Алматының театрларын екі есе орап алатын мықты актерлер бар екен» деп пікір білдіргені есімде.
Актер Қайрат Мырзаболатовпен өнерде де, өмірде де бірге келесіз. Өнер мен отбасын тең ұстау қиындық тудырмай ма?
– Қайрат екеуміз Алматыда бір курста оқыдық. Студент кезімізде отау құрдық. Тұңғыш қызымыз Аяна Алматыда дүниеге келді. Аллаға шүкір, бойжетіп, білім алды, отбасын құрды. Мамандығы – қаржыгер, екі кішкентай жиеніміз бар. Екінші қызымыз Мөлдір биыл Еуразия ұлттық университетін тәмамдап, бұйыртса қолына дипломын алмақ. Ұлымыз ІТ-мектебінде 5 сыныпта оқып жатыр. Биыл шаңырақ көтергенімізге отыз жыл толады.
Өнер – мектеп, бәрін де үйретеді, деп айтып отыратын әжем. Тектіліктің белгісі – төзімділік дейді ғой. Жұбайым да актер болғандықтан, уақытымыздың көп бөлігін репетицияда өткізетініміз белгілі. Өнер жолында тұңғыш қызымыз көп көмек көрсетті. Тірегіміз болды. Өзі жеті-сегізде болса да, сіңлісі мен інісін бағып, бізге ауыртпалық түсірмеуге тырысатын.
Бақытты отбасы болудың құпиясы неде?
– Біз осы өмірге келгеніміз үшін бақыттымыз. Сондықтан бақытты болудың ешқандай құпиясы жоқ. Тек екі адам бір-біріне сенсе, түсініссе болды.
Өнер жолын таңдағаныңызға өкінетін сәттер бола ма?
–Өнерге неге келдім деп өкінген сәттерім болған емес. Керісінше, бала күнгі арманыма жеткеніме қуанамын. Өмір болған соң неше түрлі қиындықтар кездеседі. Бірнеше жыл бұрын әкемнің інісі өмірден өтті, сол кісіні жерлеп келіп кешкісін театр сахнасында комедия ойнағаным бар. Сол сәт күні бүгінге дейін есімде. Спектакль аяқталды, шымылдық жабылды. Бір сағат тоқтай алмай жыладым. Бірақ соның өзінде театрға неге келдім, осы мамандықты неге таңдадым деген өкініш болған жоқ. Өз өмірімді театрсыз елестете алмаймын.