Көкшетауды көркейтуге 20 млрд теңге бөлінеді
Ақмола, BAQ.KZ тілшісі. Келер жылы Көкшетау қаласының инфрақұрылымын дамытуға 20 млрд қаражат бағытталып отыр.
Бұл туралы Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов бизнес-құрылым өкілдерімен 2020 жылы Көкшетауда өтетін Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы форумына дайындық мәселесін талқылауға арналған жиында мәлімдеді.
Қала басшысы форумға тыңғылықты дайындық жүргізу, қала көшелері мен ғимарат алаңдарын абаттандыру, қоғамдық тамақтану орындарының сапасын арттырып, мәдени, экскурсиялық бағыттағы бағдарламалар, кәдесыйларды ойластырудың маңыздылығын атап өтті.
Қазақстанның басқа өңірлерімен иық тіресе Көкшетау да еліміздің тәуелсіздігін толықтырып, қуатын молайтуға атсалысып келеді. Жыл сайын шаһарымыздың көркі көз тартып, арман-мақсаттардың құтты ордасына айналуда. Қалада бірнеше көпір салынды. Саябақтар мен скверлер, өткеніміздің өзекті көрінісіндей жаңадан ескерткіштер бой көтеруде. Алда да ауқымды жобалар жүзеге асырылады. 2020 жылы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы форумының Көкшетауда өткізілуі өңірге үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Форумға арнап салынып жатқан "Болашақ" сарайының аумағы 15 мың шаршы метр. Маңызды нысанда мәжіліс залы, спорт зал, бассейн қарастырылған. Сондай-ақ, Қопа көліне жақын орналасқан жекеменшік тұрғын үйлер алынып, оның орнына осы заманғы өскелең талаптарға сай демалыс және сауда орындары, тұтас тұрғын үй кешендері бой көтеруде. Жағалау аумағын абаттандыру, веложолдар салу келер жылы жалғасатын болады. Келген қонақтарға сапалы қызмет көрсетуді талап ететін орындардың бірі – қонақүйлер мен тамақтану орындары. Осы ретте меймандарға қызмет көрсетудің сапасын жақсартуға барынша күш салынуы тиіс. Форумға Омбы қаласының өзінен 2 мыңға жуық мейман, сондай-ақ еліміздің өзге өңірлерінен де делегаттар қатысады деп күтілуде. Қазіргі күні қонақүйлерде 528 орын дайын. Іріктелген отельдер ішкі-сыртқы келбетін жақсартып, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді қолға алуда, – деді қала әкімі Амангелді Смайылов.
Жергілікті қазынаға түсетін қаржы да қомақты. Осы орайда қалада жол жөндеу, абаттандыру жұмыстары да жүргізілетін болады.
Ауқымды шараны өткізуге 20 млрд теңге қарастырылып отыр. Ең бастысы, бөлінген қаржыны тиімді пайдаланып, қала инфрақұрылымын ретке келтіруіміз керек. Осы ретте қалалық құрылыс-сәулет, жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдері 2020 жылы қаламызда өтетін өңіраралық форумға дайындықты жоспардан еш кедергісіз жүргізуге міндетті. Барлық нысан құрылыстары кешеуілдеусіз, көрсетілген мерзімде басталып, аяқталуы керек. Сонда ғана, ойлаған мақсатқа қол жетеді, - деді қала басшысы.
Қаланың туристік дамуы үшін алдағы форумның маңызы зор. Қалалық кәсіпкерлік бөлімі қоғамдық тамақтану орындары мен қонақүйлердің тізімін жасап, қонақ үйлердің санитариялық жағдайы, асхана мәзірі, автотұрақ қызметі, көліктің кедергісіз ену жолдары, сыртқы келбеті, абаттандыру жұмыстарына тексеріс жүргізбек.
Бүгінгі күні облыс орталығында іріктелген 23 қонақүй кешенінде 768 орындық 464 нөмір бар. Қазір қонақүй саласына жауап беретін азаматтар қызу дайындыққа кіріскен. Айталық, 150 орындық "Достық" қонақүйі меймандарды қабылдауға дайын. Мұнда салтанатты шарадан кейін демалуға арналған нөмірлерде бар жағдай қарастырылған. Келушілерге баспасөз залы, түрлі тренажерлар қызмет көрсетеді. "Бақ сарайы" мейрамханасында әр азаматтың талғамына қарай мәзір дайындалып, келушілер қазақтың ұлттық тағамдарынан да дәм тата алады. Қонақ үйлердің сыртқы келбетінің талапқа сай болуы, жарықтандырылуы, автотұрақтың болуы ескерілуі тиіс. "Көкшетау" қонақүйінде 46 нөмір бар. 97 адамға шақталған. Форум қатысушыларына барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында мұнда жыл басынан бері жөндеу жүргізіліп жатыр. Ғимараттың сыртқы келбетін де жаңарту көзделуде, - дейді қалалық кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі Андрей Подгурский.
Әр қонақ үйде арнайы бағдарламалар әзірленіп келушілер назарына ұсынылмақ. Арнайы буклеттер жасау, қаланың мәдени орындарына, сондай-ақ Бурабайдың көрікті орындарына саяхат ұйымдастыру да көзделуде.
Бүгінде қалада келген қонақтарға қызмет көрсететін 8 мейрамхана дайындық үстінде. Оған қоса, басқа да сауда ойын-сауық орталықтарында тамақтану орындары жұмыс істейді. Басты мақсат – туристік қызметтің сапасын көтеру. Арнайы мамандар көпшілік тұтынатын тағамдардың барлық талаптарға сай болуын қадағалау арқылы қауіпсіздікті қамтамасыз етпек. Қалада 8 пәтер бюросы жұмыс істейді. Олар да алдағы маңызды шараға тартылмақ. Салынып жатқан "Болашақ" сарайының аумағында 2 тұрғын үй кешеніндегі пәтерлер қонақ үй ретінде қызмет көрсететін болады, - дейді Андрей Подгурский.