Көкшетаудағы колледж базасында «Жас маман» жобасы іске асырылуда
Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетаудағы жоғары техникалық колледжде «Жас маман» жобасы табысты жүзеге асырылуда. Аталған жоба аясында оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 500 млн теңгеден астам қаражат бөлінді.
Оқу орнының директоры Ақнұр Есләмованың айтуынша, заманауи стандарттар бойынша материалдық-техникалық базаны нығайту еңбек нарығы үшін білікті мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Колледжде құрылыс индустриясы, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, IT мамандары даярланады.
Соңғы үлгідегі жабдықтарды оқу процесіне енгізу нәтижесінде студенттер жаңа технологияның мүмкіндігін кеңінен пайдалануда. Айталық, болашақ жас мамандар ойлап шығарған робот-құрылғы басқару тақтасының көмегімен затты алып, оны қорапқа сала алады. Студенттер жобаны өздері модельдейді және барлығын виртуалды көзілдіріктермен тексере алады. Қазір олар экологиялық жоба бойынша жұмыс істеуде. Колледжде көзі нашар көретін студенттерге арналған брайль принтері орнатылды. Бұл Брайль алфавитінің символдарындағы мәтіндік ақпаратты шығаратын құрылғы. Оны кітапханаларда, үйде және оқу орындарында пайдалануға болады. Бұл бағыт ең алдымен зағип студенттер үшін өзекті болып отыр. Колледж студенттері өндірістік оқыту шеберлерінің жетекшілігімен жеңіл автомобильдерге арналған тіркемелер дайындайды. Осылайша оқушы өнім шығару бойынша толық өндірістік циклды меңгереді, – деп түсіндірді оқу орнының директоры Ақнұр Есләмова.
Оның хабарлауынша, жоғары техникалық колледждің материалдық-техникалық базасын жаңғырту «ақылды үй» инфрақұрылымының операторы мен жөндеушісі, аддитивті технологиялар мен дизайн, құрылыс, дәнекерлеу, Steam технологиялары, жиһаз өндірісі, автокөлік құралдарының шанақтарын жөндеу, автоматтандыру және техникалық жабдықтар, мехатроника орталығы сияқты оқу-өндірістік орталықтарын құруға мүмкіндік берді.
Кәсіпкерлік және бизнесті ұйымдастыру, IT бойынша білім түлектерге алдағы уақытта өз ісін ашуға мүмкіндік береді. Біздің студенттердің көпшілігі ІТ бағытын таңдайды. Бұл – мобильді робототехника. Оқушыларымыздың әлеуетінің арқасында қоржынымызда халықаралық және Ұлттық чемпионаттардың 14 алтын медалі бар, – деп атап өтті колледж директоры.
2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша колледждің оқу корпустары мен жатақханаларына жөндеу жүргізілді.
Жоғары техникалық колледжде төрт оқу-өндірістік корпус, құзыреттілік орталықтар, шеберханалар, оқу кабинеттері, зертханалар, спорт залдар, бизнес-инкубатор, дипломдық жобалау кабинеті, конференц-зал, конгресс-холл, дәріс залы бар. Бүгінде мұнда Ақмола облысының әр өңірінен 2 мыңнан астам студент білім алуда. Күндізгі бөлімде – 2 097, сырттай бөлімде – 152 студент оқиды. 169 педагог, оның ішінде 126 оқытушы және 43 өндірістік оқыту шебері жұмыс істейді.
Айта кету керек, жоғары техникалық колледж жыл сайын республиканың техникалық колледждері арасында көшбасшы орынға ие.