Көкшетауда ЖЭО салынады
Көкшетауда ЖЭО салу бойынша жұмыс белсенді жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өңір басшысының сөзінше, инженерлік-геологиялық іздестірулер мен уақытша құрылыстаға арналған алаң ұйымдастыру жұмыстары басталды.
Биыл Степногорск қаласында 8 км желі жөнделді, бұл желілердің тозуын 82%-дан 73%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Осы сияқты жұмыстар Атбасарда да жүргізілді. Жылу көздері мен желілері бойынша жоспарланған жұмыстар 100% орындалды, – деді Ақмола облысының әкімі брифингте.
Биыл сумен қамтамасыз етуге 34 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Егіндікөл ауданында Нұра топтық су құбырын қайта жаңарту жұмыстары аяқталды, 70 шақырымға жуық желі салынды.
Көкшетау қаласының су тазарту құрылыстарын салу жобасы аяқталу сатысында тұр. Желтоқсан айында құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтаймыз, кейін персоналды оқытумен іске қосу-баптау жұмыстары жүргізіледі, - деді Марат Ахметжанов.
Еске сала кетейік, биыл Ақмола облысының фермерлері астық жинаудан рекорд жасағаны туралы жазғанбыз. Ақмола облысы әкімі Марат Ахметжанов ОКҚ алаңында өткен брифингте су тасқыны салдары қалай жойылғанын да айтты.