Көкшетауда жаңа спорт нысандары ашылды
Көкшетау қаласына жұмыс сапары барысында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жаңа спорт нысандарының жұмысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ өңір әкімдігіне сілтеме жасап.
Красный Яр ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде бокс пен жекпе-жек залдары, екі бассейн жұмыс істейді. Кешен аумағында командалық ойындарға арналған екі алаң, воркаут аймағы және жүгіру жолы жабдықталған. Қазіргі таңда кешенде жүзу, бокс, еркін және грек-рим күресі бойынша спорт секциялары жұмыс істеп тұр.
«Kokshe arena» спорт кешенінде спорт секцияларының жұмысы басталды. Мұнда Ақмола облысының жастар және ересектер құрамалары жаттығатын болады, сондай-ақ бокс, ауыр атлетика және еркін күрес секцияларына балаларды қабылдау ашылды.
Кешен базасында жас спортшылардың шеберлігін шыңдауға барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар «Kokshe arena» кешенінде «Оқжетпес» футбол орталығының спортшылары мен қала жастар құрамасының волейболшылары жаттығады, – деді Ақмола облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ардақ Төлендин.
Марат Ахметжанов спортшылар мен жаттықтырушыларға сәттілік тілеп, Ақмола спортының жақсы дәстүрлері мен үлкен әлеуеті бар екенін атап өтті.
Көкшетауда спортпен шұғылдануға барлық жағдай жасалған. Инфрақұрылым тағы екі ірі нысанмен толықты. Бұл балаларды дене шынықтыру мен спортқа тарту аясын кеңейтуге, облыстық құрамалардың жаттығуына жағдай жасауға мүмкіндік береді. Сіздердің міндеттеріңіз – болашақ чемпиондарды тәрбиелеу. Өңірге жаңа есімдер қажет, – деп атап өтті өңір басшысы жаттықтырушылар құрамына үн қата отырып.