Көкшетауда ветинспектор пара алды деген күдікке ілінді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жою мақсатында өңірлік Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшылығының және Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық, қалалық және аудандық аумақтық инспекцияларының өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті.

Кездесу барысында қатысушылар Көкшетау қаласының мемлекеттік санитариялық инспекторларының біріне қатысты қылмыстық іс аясында ҚР ҚПК 200-бабының тәртібінде енгізілген ұсынуды қарады.

Атап айтқанда, сотқа дейінгі тергеу барысында мемлекеттік қызметші міндетті тауарға ілеспе және рұқсат беру құжаттамасынсыз базар аумағында етті кедергісіз сатқаны үшін кәсіпкерден пара алғаны анықталды.

Жоғары тұрған басшылықтың тарапынан тиісті бақылаудың болмауы, ветеринария саласындағы заңнаманың және басқа да нормативтік актілердің талаптарын толық елемеу, түсіндіру жұмыстарын жүргізудің болмауы осы сыбайлас жемқорлықты жасауға ықпал етті.

Айта кету керек, жақында Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Ақмола облыстық аумақтық инспекциясының, сондай-ақ Көкшетау және Степногорск қалалық ветеринариялық бақылау және қадағалау аумақтық инспекцияларының лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істер шеңберінде ұсынулар қаралды.

Кездесу барысында аумақтық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев мемлекеттік қызметшілерге өткен жылдың желтоқсан айында Мемлекет басшысы қол қойған қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері туралы Заңда қамтылған маңызды заңнамалық өзгерістер туралы айтып берді.

Енді ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату қолданылмайды. Сондай-ақ, қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару мекемелерінде сыбайлас жемқорлық бойынша сотталғандар үшін бірден жазасын өтеу мүмкіндігі алынып тасталды. Сонымен қатар, пара берушілер мен парақорлықтағы делдалдар үшін жемқорлық үшін жаза күшейтілді. Бағыныштылардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін, сондай-ақ ұжымда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша шаралар қабылдамағаны үшін басшылардың жеке жауапкершілігін де еске саламын. Өздеріңіз көріп отырғандай, Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін заңнамалық деңгейде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс - қимылды күшейту бойынша пәрменді шаралар қабылдануда, сондықтан ветеринариялық бақылау қызметтерінің басшылығын өз ұжымдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша тиісті жұмысты мүлтіксіз қамтамасыз етуге шақырамын, - деді Мұрат Төлеубаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы