Көкшетауда үрмелі шанадағы адамды көлікпен сүйреткен жүргізуші жазаланды
Ақмола облысында жолаушыларды «ватрушкаға» отырғызып серуендеткен жүргізуші жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Көкшетау қаласының тікұшақ алаңының аумағында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу фактісі тіркелді. Көліктегі белгісіз жүргізуші жоғары жылдамдықпен қауіпті маневрлер, соның ішінде бұрылыс сигналдарын қоспай бұрылыстар жасады.
Бұзушылық туралы хабарлама "102" диспетчерлік қызметінің пультіне келіп түскен. Онда жедел басқару орталығының операторы құқық бұзушылықты уақтылы тіркеп, патрульдік полиция жасақтарына жіберді. Оқиға орнына келген қызметкерлер жүргізуші қауіпті маневр жасаудан басқа, көлікке «ватрушканы» тіркеп, жастардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін серуен жасағанын анықтады. Құжаттарды тексеру барысында 19 жастағы жүргізушінің көлік құралын басқаруға құқығы жоқ екені белгілі болды, - деп хабаралады Ақмола облысының ПД баспасөз қызметі.
Жас жігіт бірден үш бап бойынша, көлік құралын жүргізуші куәлігінсіз басқарғаны үшін, маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін және жолаушыларды көлік құралынан тыс тасымалдағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.