Көкшетауда "таза көмір" технологиясымен заманауи ЖЭО бой көтереді

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Ақмола облысы мен қала басшылығымен бірге Көкшетауда салынып жатқан жаңа жылу электр орталығының құрылыс барысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жобаны "Самұрық-Энерго" АҚ-ның еншілес ұйымы – "Көкшетау ЖЭО" ЖШС жүзеге асыруда.

Құрылыс алаңында алғашқы кезектегі жұмыстар орындалды: геодезиялық зерттеулер жүргізіліп, уақытша жол инфрақұрылымы дайындалды, негізгі жер қазу жұмыстары аяқталды, ғимараттар мен инженерлік жүйелердің монтажы басталды, алаң электрмен жабдықталып, қуат трансформаторлары орнатылды.

Жобаның жүзеге асырылуы қалаға сенімді жылу беруді қамтамасыз етеді, электр қуаты тапшылығын азайтады және энергетикалық қауіпсіздікті арттырады.

Көкшетаудағы жаңа ЖЭО «таза көмір» технологияларын қолдана отырып салынуда. Бұл технологиялар заманауи сүзгілеу және көмірқышқыл газын ұстау жүйелерін қарастырады, сол арқылы қоршаған ортаға әсерді едәуір төмендетеді. Осындай станциялар Өскемен және Семей қалаларында да салынатын болады. Сонымен қатар, Екібастұз ГРЭС-3 және Курчатов қаласында жылу электр станциясын салу жоспарланған.

Көмір жобаларымен қатар, газ генерациясы да белсенді дамып келеді: Қызылордада жаңа бу-газ қондырғысының құрылысы аяқталуға жақын, осындай жоба Түркістан облысында да іске асуда. Алдағы уақытта Шымкент және Астана қалаларында жаңа бу-газ қондырғылары салынбақ. Бұл елдің энергетикалық жүйесінің сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Энергетика министрлігі
Өзгелердің жаңалығы