Көкшетауда сұранысқа ие мамандықтар оқытылады
Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Еліміз бойынша үздік оқу орындарының бірі саналатын Көкшетау жоғары техникалық колледжі еңбек нарығының сұранысына сай мамандар даярлауда. Оқу орнының директоры Ақнұр Еслямова білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтар туралы айтып берді.
–Осы уақыт ішінде оқу орнында қандай өзгерістер орын алды?
– Өңірде техникалық мамандықтарды игеруге ниет білдірген жастар қатары артып келеді. Колледжде 2 мыңнан астам студент 24 мамандық бойынша білім алуда. 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында колледждің екі оқу корпусына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бюджеттен 58 млн теңге қаржы бөлінді.
Білікті жұмысшы кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі жыл сайын артып келеді. Инженерлік-педагогикалық ұжымның күш-жігері, жаңа білім беру бағдарламаларының, білім беру процесіне жаңа әлемдік технологияларды енгізудің арқасында колледжде еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа мамандықтарды ашылды. Бүгінгі күні оқу орны Көкшетау қаласы мен Ақмола облысындағы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі ең ірі білім беру орталығы болып табылады және еліміздің ең үздік 10 колледжінің қатарына кірді.
–Білім беру жүйесіндегі жаңа технологиялар жайлы айта отырсаңыз...
– Жоғары техникалық колледж қоғамға қажетті қызметтерді ұсына алатын мамандарды даярлайды. Осы ретте модульдік технология, кредиттік, дуалды, сыни ойлау технологиясы, проблемалық оқыту, ЭКВЕТ әдіснамасы, инновациялық технологиялар енгізілді.
«Тыныс» АҚ, «Қамқор-Автосервис» ЖШС, «Көкшетау автобус паркі» ЖШС, «Камаз Инжиниринг» АҚ, «Көкшетау Жолдары» ЖШС, «Көкшетауавтодор» ЖШС-мен инженерлік кадрларды даярлаудың пилоттық жобасы енгізілді.
2011 жылдан бастап жоғары колледжде 5 мамандық бойынша білім беру мазмұны өзгерді және пилоттық режимде студенттерді белсенді кәсіби қызметке қосу процесінде олардың сапалы жаңа дайындық деңгейін қамтамасыз ететін қолданбалы бакалавриаттың интеграцияланған білім беру бағдарламасы енгізілді.
Жыл сайын «қолданбалы бакалавр» біліктілігі бар түлектер (89%) мамандығы бойынша өңірдің ірі кәсіпорындарына жұмысқа орналасады және 30%-ы оқуларын Қазақстан мен Ресейдің жоғары оқу орындарында қысқартылған оқыту нысаны бойынша жалғастырады (оның ішінде 10% күндізгі бөлімде). 2017 жылдан бастап қолданбалы бакалавриат бағдарламасы бойынша «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша мамандар даярлау басталды.
–Оқу орнының материалдық-техникалық базасы қай деңгейде?
–Соңғы он жыл ішінде оқу орнында материалдық-техникалық базаны нығайту бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Жыл сайын корпустарға жөндеу жүргізіледі, кабинеттер мен оқу-өндірістік шеберханалар білім беру бағдарламаларын іске асыру және кәсіби дағдылар мен қабілеттерді игеру үшін оқу практикасын ұйымдастыру үшін қазіргі заманғы мамандандырылған интерактивті жабдықпен жарақталды.
Колледждің материалдық-техникалық базасын жаңғырту ақылды үй инфрақұрылымының операторы мен жөндеушісі, аддитивті технологиялар мен дизайн, құрылыс, дәнекерлеу, Steam технологиялары, жиһаз өндірісі, автокөлік құралдарының шанақтарын жөндеу, автоматтандыру және техникалық жабдықтарды қондыру, мехатроника оқу-өндірістік орталықтарын құруға мүмкіндік берді.
«Жас маман» жобасы аясында колледжде дәнекерлеу технологиялары, технологиялық жабдықтарды, мехатрониканы автоматтандыру және жөндеу, автокөлік құралдарының шанақтарын жөндеу, жиһаз өндірісі, құрылыс технологиялары, аддитивті технологиялар, Data және STEM технологиялары, ақылды үй инфрақұрылымы бағыттары бойынша тоғыз құзыреттілік орталығы ашылып жабдықталды. Орталықтардың жұмысы оқытуға, біліктілікті арттыруға бағытталған. Дәнекерлеу технологиялары орталығы «LINCOLN ELECTRIC» (АҚШ), «KEMPI» (Финляндия) фирмаларының жоғары технологиялық дәнекерлеу жабдығымен жарақталған.
Студенттер жаңа жабдықтарда жұмыс істеуді шебер меңгерген. CNC жылу кесу машинасы-ESAB Crossbow плазмалық кесу жүйесімен қалыңдығы 40 мм-ге дейін металды дәл кесуге мүмкіндік береді. Дәнекерлеу беріктігін тексеру үшін орталық Mecamaq 1000 гидравликалық баспамен жабдықталған. Blueweld PLUS 230 дәнекерлеу машинасы тот баспайтын болаттан жасалған конструкцияларды шығаруға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда Lincoln және KEMPI бренді дәнекерлеу жабдықтарының сапасы бойынша алдыңғы орындарда. Пайдаланушы процесті өздігінен бағдарлай алады. Жиһаз өндірісіндегі заманауи жабдықтар сандық технологияларды қолдана отырып жұмыс істейді. Мұнда түрлі дизайндағы корпустық, ас үй, офистік жиһаздың қасбеттерін жасауға мүмкіндік мол.
–Оқу орнында ғылымға бет бұрған жастар қатары көп пе?
–Колледжде әртүрлі ғылыми жобалармен айналысатын студенттер көп. Ербол Амантаев, Әлихан Қайыр, Руслан Жайлауов есімді студенттеріміз «Үздік 100 студент» республикалық жобасында үздік деп танылды. Солардың бірі – Әлихан Қайыр экологиялық өнім – таза сутегімен жұмыс істейтін қозғалтқыш ойлап тапты. «ТМД-ға арналған 100 идея» халықаралық жастар жобасында жеңімпаз атанды.
Колледж жұмысшы кәсіптерінің біліктілік деңгейіне қойылатын халықаралық талаптардың стандарттарын белсенді түрде енгізуде. «WorldSkills 2021» ұлттық кәсіби шеберлік чемпионатының қорытындысы бойынша студенттеріміз 14 алтын, 7 күміс, 4 қола және 15 медальон жеңіп алды. WorldSkills кәсіби шеберлік чемпионатының мақсаты – жұмысшы мамандықтарды танымал ету және олардың қоғамдағы беделін арттыру. Халықаралық жарыстарға да қатыстық. Робототехника бойынша 3 бағытты дайындаймыз. Студенттердің қызығушылығы артып келеді.
–Өңірдегі кәсіпорындармен қаншалықты байланыс орнатылған?
– Колледж Ақмола облысы бойынша 45-тен аса ірі кәсіпорындармен ауыл шаруашылығы, машина жасау және құрылыс салалары үшін жинақтаушы бөлшектердің 56 атауы бойынша өндірістік тапсырысты орындау мақсатында ынтымақтастық орнатқан. «Регион Строй» ЖШС-мен бес жылдан бері байланыстамыз. Келісім-шарт негізінде студенттер темірбетон бұйымдарына арналған бөлшектерді станоктарда жасайды. 2020 жылы «Камаз Автосервис орталығы» ЖШС-мен және «КазПрицеп»-пен жеңіл автомобильдерге арналған тіркемелер өндірісіне шарт жасалды. Колледж аулалардағы балалар алаңдары кешенін, саябақ орындықтарын, қоқыс жәшіктері мен жарық шамдарын дайындау бойынша пәтер иелері кооперативтерімен бірлесіп жұмыс атқарады. Құрылыс технологиялары орталығында тротуар плиталарын, түрлі-түсті бедертас, қабырға және арақабырғалық блоктарды шығару жолға қойылған. Жиһаз шеберханасында студенттер кең ауқымды корпустық және жұмсақ жиһаз дайындайды.
Студенттер ірі кәсіпорындарда өндірістік практикадан өтеді. Түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші осы мамандардың қазіргі еңбек нарығында қаншалықты сұранысқа ие екенін көрсетеді. Мысалы, түлектер біздің қаламыздың және облыстың кәсіпорындарында инженер лауазымында табысты жұмыс істейді. Осы мамандықтар бойынша студенттерді жұмысқа орналастырудың жалпы пайызы-100%. «Көкшетау Жолдары» ЖШС, «Көкшетау Автодор», «Көкшетаустрой», «Строй Эксперт Азия», «К.Г.С. СаудА», «ENKI» ЖШС, «БЛЭК» ЖШС сияқты кәсіпорындармен өзара іс-қимыл және стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Сонымен қатар, кәсіпорын өкілдері түлектерді мемлекеттік аттестаттауға қатысады.
Жоғары колледждің нақты жұмыс берушімен серіктестікке деген көзқарасы өзгерді. Әрине, жұмыс берушілер өздерінің қызығушылығын сөзбен ғана емес, іспен де растауы керек. Біздің студенттер диплом алғаннан кейін бірден сұранысқа ие, олар көбінесе жоғары курстарда өздерінің қабілеттіліктерін көрсетеді. Студенттер бос уақыттарында робототехника клубында жұмыс істейді.
–«Жас маман» жобасынан не күтілуде?
–«Жас маман» жобасы аясында өңірдегі білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Оған 513 миллион теңге қаржы бағытталды. Нәтижесінде колледж заманауи құрал-жабдықтар алды. Робототехникаға ерекше көңіл бөлінеді. Жаңа жабдықтар алдық. Қазір студенттер осы құралдармен жұмыс істеуде.
Жоба аясында еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша құзыреттілік орталықтары ашылды. Мұнда WorldSkills ұлттық және халықаралық чемпионаттарына қатысушылар даярланады.
Колледжде екі тігін цехы бар. Мұнда студенттер практикадан өтеді. Бірінші шеберханада студенттер тігуді үйренеді. Құрылғылардың барлығы жаңа. Мұнда студенттер тігін машинасын компьютердің көмегімен басқарады.
«Жас маман» жобасының мақсаты – 100 сұранысқа ие мамандық бойынша 180 колледж бен 20 жоғары оқу орнын жаңғырту және жаһандық еңбек нарығының барлық сын-тегеуріндері мен қажеттіліктеріне жауап беретін жаңа білім беру бағдарламалары негізінде білікті мамандар даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу болып табылады. «Жас маман» жобасы аясында халықаралық стандарттарға жауап беретін 9 жоғары технологиялық құзыреттілік орталықтары ашылды. Олар дайындық деңгейі бойынша заманауи әлемдік өнеркәсіптік өндіріс талаптарына жауап беретін жаңа буын мамандарын даярлауға мүмкіндік береді. Жас мамандарды қазіргі заманғы нарық жағдайында жұмысқа дайындау мақсатында колледж базасында «Цифрлық Қазақстанға арналған Жас бағдарламашылар», «Бизнес-инкубатор», «Сертификатталған оқыту орталығы - 1С» IT орталықтары жұмыс істейді. 2021 жылдың көктемінде Eurasiaskills 2021 арнайы чемпионатында Гельд Лариса «Сән технологиясы» құзыреттілігі бойынша 3-ші орынға ие болды.
–Студенттер қоғамдық жұмыстарға тартылған ба?
–Білім алушының тұлғасын жан-жақты дамыту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Колледж волонтерлері оқу орнының еңбек ардагерлері мен барлық мұқтаждарға көмек көрсетеді. Өткен жылы «Игі істер автобусы» акциясы аясында халықтың әлеуметтік осал топтарына, жалғызбасты және қарт адамдарға, медициналық-әлеуметтік мекемелер, бейімдеу орталықтарындағы балалар мен ересектерге өтеусіз көмек көрсетілді. Атап айтқанда, Красный Яр ауылында колледж студенттері жалғыз тұратын зейнеткерлердің аула аумақтарын тазалауға және абаттандыруға көмек көрсетті, Застанционный кентінде қарттар үшін тігін, шаштараз қызметі көрсетіліп, құрылыс жұмыстары жүргізілді. «Шанс» кәмелетке толмаған балаларға әлеуметтік-психологиялық, құқықтық қолдау орталығына шаштараз, сантехникалық қызметтер көрсетілді, киім-кешек, ойыншықтар берілді. Бұл акция биыл да жалғасуда.
Пандемия кезінде колледждің тігін цехы «Көкшетау Жолдары» ЖШС және темір жол вокзалының тапсырысы бойынша екі мыңға жуық бетперде тікті. «Тыныс» зауытының тапсырысы бойынша студенттер коллектор корпусының 50 данасын - «Көкшетау 4 П» ӨЖЖ аппаратының, мүгедектер арбасының қажетті бөлшектерін дайындады.