Көкшетауда қоқыс контейнерлері жаңартылады

Көкшетаулықтарды қоқыстың уақытылы шығарылмауы алаңдатып отыр. «Kazakhstan Innovations» қоғамдық қорының төрайымы, қалалық мәслихат депутаты Мариям Әбішева шаһардағы қоқыс мәселесін шешу жолдарын атады, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

Оның айтуынша, алдымен қоқысты бөлек жинау, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу іске асырылады. Содан кейін зауытта сұрыпталмаған барлық заттар зарарсыздандырылады, арнайы брикеттерге бастырылып, полигонға шығарылады.

Полигон – бұл бүкіл өндірістік жүйе. Ол жанбауы тиіс, бәрі таза, ұқыпты, экологиялық кодекс талаптарына сай болуы қажет. Қала әкімдігі инвесторлар тарта бастады. Біздегі екі ескі полигон қалпына келтіруді қажет етеді. Әрі ешқайсысына экологиялық рұқсат жоқ. Ондағы материалдық-техникалық база ескірген. Бізде Қазақстан бойынша ең арзан тариф – 150 теңге болды және ол 2012 жылы бекітілді. Тиісінше, ол жүйенің дұрыс жұмыс істеуіне жол бермеді. Біз қазір ғана экология, полигон, сұрыптау, қайта өңдеу туралы сөз қозғап отырмыз. Ал бұған дейінгі қалыптасқан жағдай қоқысты дұрыс және уақытында шығаруға мүмкіндік бермеді, – дейді Мәриям Әбішева.

Жақында қалада қоқыс шығаруға арналған жаңа тариф бекітілді. Қазір абаттандырылған үйлер үшін бір адамға 500 теңге және жеке сектор үшін 580 теңгені құрайды.

Осы 500 теңгенің басым бөлігі (377 теңге) – қоқыс, қалған екі компонент – сұрыптау және көмуге бағытталады. Тариф компанияның өткен жылы жасаған нақты есептеулері бойынша жүргізіледі. Өткен жылы Экологиялық кодекс бойынша бізде сұрыптау, көму жұмыстары ұйымдастырылмады, – деп түсіндірді депутат.

Оның айтуынша, Әділет министрлігі жаңа тарифті тіркеді. Бүгінгі таңда полигонды сұрыптау және басқару бойынша қоқыс шығаратын компаниялар үшін бәсекелестік орта құрылды.

Келесі жылдан бастап контейнерлік алаңдарды жөндеп, оларды тиісті жағдайға келтіру қажет болады. Мұндай инфрақұрылым қалада біртіндеп пайда бола бастағанда, адамдарға шикізатты құрғақ және дымқыл фракцияларға сұрыптау қажет болады. Әрине, автоматты сұрыптау желісі болады, бірақ бастапқыда халықтың көп бөлігі дұрыс сұрыптауы керек, бұл экологиялық жағынан дұрыс бағыт, – деп атап өтті Мәриям Әбішева.

Ол атап өткендей, мектепке балалар бөтелке, пластмасса, қағазды бөлек әкелгенде, қалдықтарды бөлек жинау жобалары іске қосылады. Ал мұның бәрі қабылдау пункттеріне тапсырылады. Қалада қалдықтарды басқару жүйесі жүйеленгенде, мектептерге қалдықтарды бөлек жинауға арналған үлкен контейнерлер қойылады.

Қалдықтарды басқару жүйесін дамыту тарифке келіп тіреледі. Компаниялардың шығыны өтелуі тиіс. Ешкім тегін жұмыс істемейді, қайта  олар жұмыс орындарын ашады. Кім біреудің қоқысын қазып, оны өз қолымен сұрыптайды? Бұл физикалық және психологиялық тұрғыдан күрделі жұмыс. Сондықтан қоқыс тасымалдаушыларға құрметпен қарау керек, – деп атап өтті халық қалаулысы.

Қоқыс шығарумен айналысатын компаниялар арнайы жабдықтар алу үшін несие алатыны белгілі.

Тазалық мәселесі тұрғындардың өздеріне де байланысты. Алдағы уақытта қоқысты сұрыптамайтындар, жақын жерге лақтыратындарға айыппұл салу үшін бейнекамералар орнатылады. Бұл қалыпты жағдай. Өйткені тазалықты әркім өзінен бастауы тиіс, – дейді Мәриям Әбішева.

Осы ретте адамдар қоқысты уақтылы шығаруды талап етуге құқылы. Қызмет тек сапалы болуы керек. Бұл ретте қаладағы қоқыс жәшіктері заманауи контейнерлерге ауыстырылатын болады.

Көлемі 1,1 м3 дөңгелекті еуроконтейнерлер орнату жоспарда бар. Ол үшін алаңдар тегіс, бетондалған болуы тиіс, – деп толықтырды ол.

Осындай бір алаңның құны 1 млн 200 мың теңге, қалада олардың саны 200-ден асады.

Ал жерасты контейнері 1 млн 800 мың теңге тұрады. Көлемі 5 м3 болғандықтан, жеті контейнерді алмастырады. Оның қай түрі таңдалатынын әкімдік шешеді. Контейнерлер бастапқыда ескі алаңдарда болады, кейін толығымен жаңартылады. Бұдан бөлек еуроконтейнерлерден басқа, қалдықтарды бөлек жинауға арналған торлар қою жоспарлануда, – деп түйіндеді Мәриям Әбішева.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы