Көкшетауда полиция басқармасының бастығы сотталды
Көкшетау полиция басқармасы бастығының бұрынғы орынбасары алаяқтық жасағаны және пара беруге итермелегені үшін сотталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ақмола облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы наурыздың 27-де Көкшетау қалалық соты айыптау үкімін жариялады.
Көкшетау қаласының полиция басқармасы бастығының бұрынғы орынбасары, полиция майоры кәсіпкердің 49 700 АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай қаражатын алаяқтық жолмен иемденгені және оны басқа орган тергеп жатқан қылмыстық істі тоқтату үшін пара беруге итермелегені үшін кінәлі деп танылды, - деді ведомстводан.
Сотталушы 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтейді.
Ол сондай-ақ өмір бойына мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан, сондай-ақ «полиция майоры» арнайы атағынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.