Көкшетауда өнегелі отбасыларға құрмет көрсетілді
Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетауда Отбасы күні мерекесіне орай еңбек әулеттері, көпбалалы отбасылар мен жас жұбайларға құрмет көрсетілді.
Салтанатты шараға қатысушыларды облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова құттықтап, естелік сыйлықтар тарту етті.
Бұл мерекенің мәні зор. Ошақтың жылуы мен жайлылығы, балалардың ата-аналарына деген құрметі, отбасындағы сүйіспеншілік пен келісім - бұл отбасылық құндылықтар. Мықты отбасыларда бақытты балалар өсуде, қоғамның адамгершілік негіздері сақталуда, сайып келгенде, өңірдің және бүкіл елдің әл-ауқатының негізі қалануда. Бүгін мұнда еңбек әулеттері, көпбалалы отбасылар жиналды, олардың әрқайсысы өңірі мақтанышы. Бүгінде мемлекет қолдауымен көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 23 жалға берілетін және 11 кредиттік үй салынуда. Жоспарланған 655 мың шаршы метрдің бірінші тоқсанда 153 мың шаршы метрі, яғни 1048 пәтері пайдалануға берілді. 2020 жылы 183 отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша баспаналы болды, - деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.
Азаматтардың басқа санаттарына да әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілуде. Облыста 15 мыңнан астам көпбалалы отбасы тұрады, 5,8 мың ана «Күміс алқа» және «Алтын алқа» иегері атанды. Табысына қарамастан 9691 көпбалалы отбасындағы әр балаға ай сайынғы жәрдемақы төленеді.
Биыл облыстық бюджеттен 3 мыңнан астам аз қамтылған отбасыларды қолдау үшін 1,4 млрд теңге, көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасылардан шыққан балалардың қалалық жолаушылар көлігінде жеңілдікпен жол жүруіне 67 млн теңге бөлінді. Облыс аудандарының бюджеттері есебінен аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан ЖОО мен колледждердің 30 студентін оқытуға әлеуметтік көмек көрсетілді. 2011 жылдан бастап 500-ден астам жетім балалар, толық емес, көпбалалы отбасылардан шыққан студенттерге, екінші топтағы мүгедектерге жоғары оқу орындарында білім алу үшін облыс әкімінің атаулы стипендиясы - 125 млн теңгеге бөлінді, - дейді Айна Мысырәлімова.
Неке сарайына жиналған отбасылар арасында өз әулеттерін қажырлы еңбегімен дәріптегендер аз болған жоқ.
Құдабаевтар отбасы - мұғалімдер әулеті. Отбасының жалпы мұғалімдік өтілі - 348 жыл. Отағасы Қажыбай Құдабайұлы 1937 жылы педагогикалық училищені бітіріп, Зеренді ауданы Кеңөткел ауылындағы бастауыш мектепте еңбек жолын бастады. 1939 жылы Жолдыбай ауылында алғашқы жеті жылдық мектеп ашты. Қыздарының бірі Манар Қажыбайқызы көп жыл Көкшетау қаласының №18 орта мектебін басқарды.
Дәрігерлер әулетінің жалпы еңбек өтілі - 155 жыл. Анатолий Родин отбасының бүкіл еңбек өмірбаяны медицина саласымен байланысты. Ол қатардағы дәрігерден венерологиялық диспансердің бас дәрігеріне дейінгі жолдан өтті. Оның бастамасымен Көкшетауда облыстық тері-венерологиялық диспансері салынды. Жұбайы Лидия Родина - бактериолог. Қыздары Лариса Блажко облыстық балалар ауруханасының анестезиолог-реаниматологы.
Бұл күні отасқандарына 30 жыл толған Қалианұровтар, теміржолшы - Қасеновтар, жүргізушілік еңбек өтілі 113 жыл Агеевтер, сондай-ақ алты бала тәрбиелеп отырған көпбалалы Шотбек отбасыларына құрмет көрсетілді.
53 жыл шаңырақтары шайқалмаған Бостанбаевтар отбасы да құрмет лайық. Ерлі-зайыптылар бес бала тәрбиелеп, 11 немере сүйіп отыр. Мереке күні жас жұбайлар Қожахметовтер отбасына алғашқы отбасылық құжат-неке қию туралы куәлігі табыс етілді.