Көкшетауда көпбалалы отбасылар баспаналы болды

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетауда Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында көпбалалы, толық емес, әлеуметтік жағынан аз қамтылған 70 отбасы жаңа пәтердің кілтіне ие болды.

40 пәтерлік екі үй «Сарыарқа» шағын ауданында мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында салынған.


Үй иелерін Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жаңа қоныстарымен құттықтап, тұрғындарға пәтер кілттерін табыс етті.

«Елімізде ана мен баланы қорғау ерекше басымдыққа ие. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан түрлі санаттағы азаматтар үшін көптеген мемлекетті бағдарламалар іске асырылды. Осы ретте облысымызда да тұрғын үйлер бой көтерді. Әлеуметтік мәселелер қашанда мемлетіміздің басты назарында. Бүгін тапсырылатын үйден 70 пәтер көпбалалы, жетім балалар, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға беріледі. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша соңғы екі жыл ішінде 900 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Мемлекеттік инвестиция есебінен 11 арендалық, 3 кредиттік үй салынып, 8350 отбасы жаңа пәтерге ие болды. Облыс орталығындағы жаңа «Сарыарқа» шағын ауданы осының айқын дәлелі бола алады. Соңғы бес жылда осы ауданда 200 пәтер пайдалануға берілді. Қазіргі күні 17 үйдің құрылысы жүруде. Нәтижесінде 800 отбасы қоныс тойлайтын болады. Бұрын жылына екі-үш үйден бой көтерсе, бүгіндері жылына 12-18 үйден салынуда. Бұл облыс орталығы үшін жоғары көрсеткіш. Мұның барлығы баспана мәселесін оңтайлы шешуге мүмкіндік береді. Ақмола облысы «7-20-25» жаңа ипотекалық тұрғын үй бағдарламасына белсенді қатысуда. Өңірде тұрғын үй құрылысына зор серпін беріліп отыр. Алда жүздеген отбасылар баспанаға қол жеткізеріне сенім мол», - деді Ермек Маржықпаев.


Жаңа пәтерге ие болғандардың арасында он баланың анасы, «Алтын алқа» иегері Светлана Сәдуақасова да бар.

«Пәтер кезегінде 14 жыл тұрдық. Бүгін көптен күткен арманымыз орындалып, отбасымыз қуанышқа кенелген күн. Барлық қоныс той иелерін құттықтаймын. Құрылыс жұмыстарының сапасы да көңілімізден шықты. Қонысымыз отбасымызға қуаныш әкеліп, ұрпақтарым бақытқа бөлене берсін. Облыс, қала басшылығына айтар алғысымыз шексіз», - деп ақжарма тілегін білдірді Светлана Сәдуақасова.

Көпбалалы отбасылар қоғамда айрықша құрметке ие. Бүгінгі күні облыс орталығында 2 мыңнан аса көпбалалы аналар тұрып жатыр. Олардың арасында «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері бар. 400-ге жуық көпбалалы отбасы тұрғын үй кезегінде тұр. Биыл барлық санаттағылар үшін 470 пәтер беріледі деп күтілуде. Сондай-ақ, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшылары үшін де үйлер салынады.


«Соңғы жылдары қалада үлкен құрылыстар қолға алынды. Көл жағалай көркем мөлтек аудандар пайда болды. Қазақстанның басқа өңірлерімен иық тіресе Көкшетау да еліміздің тәуелсіздігін толықтырып, қуатын молайтуға атсалысып келеді. Жыл сайын шаһарымыздың көркі көз тартып, арман-мақсаттардың құтты ордасына айналуда. Әрбір аулада спорттық алаңдар ел игілігіне беріліп, саябақтар мен скверлер, өткеніміздің өзекті көрінісіндей жаңадан ескерткіштер бой көтеруде. Мұның бәрі көкшетаулықтардың бірлескен еңбегінің игі жемісі», - дейді жаңа баспанаға қол жеткізген қала тұрғыны Рахия Құрманова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы