Көкшетауда мектептерге жасалуы мүмкін шабуылдар туралы хабарламалар тексеріліп жатыр
Көкшетау қаласында мектептерге шабуыл жасалуы мүмкін деген хабарламалардың таралуына байланысты полиция тексеру жүргізіп жатыр. Ақмола облысы Полиция департаменті бұл ақпараттың расталмағанын және жалған (фейк) екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қоқан-лоқы сипатындағы хабарламалар қалалық чаттар мен мессенджерлерде таралып, ата-аналар арасында алаңдаушылық туғызды. Кейбір ата-аналар балаларын сабақтан алып кетуді жоспарлаған.
Полиция өкілдері жағдайдың толық бақылауда екенін, оқушылар мен білім беру мекемелері қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылданғанын айтты.
Таратылып жатқан ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, – деп атап өтті департаментте.
Қазіргі уақытта жалған хабарламаларды таратқан тұлғалар анықталып жатыр. Тұрғындарға сабыр сақтап, тексерілмеген ақпаратты таратпау жөнінде үндеу жасалды.
Бұған дейін осындай жалған хабарламалар Алматы қаласындағы мектептерге қатысты да тараған болатын. Ол кезде де полиция қауіптің жоқ екенін мәлімдеп, оқу орындары маңындағы кезекшілікті күшейткен.