Көкшетауда көшеде жүрегі тоқтаған ер адамды дәрігерлер қайта тірілтіп алды
Куәгерлер жедел жәрдем қызметіне қоғамдық орында ес-түссіз жатқан ер адам туралы хабарлаған.
Көкшетауда жедел жәрдем дәрігерлері көшеде жүрегі тоқтап қалған ер адамның өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
103 қызметінің пультіне шақырту таңғы сағат шамамен 09:00-де түскен. Куәгерлер қоғамдық орында ес-түссіз жатқан ер адам туралы хабарлаған.
Оқиға орнына келген медицина қызметкерлері науқастың тіршілік белгілерінсіз жатқанын анықтады.
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, пациент клиникалық өлім жағдайында болған.
Пациент клиникалық өлім жағдайында болды: тынысы жоқ, тамыр соғысы анықталмады, артериялық қысымы 0/0 болды. Бригада дереу реанимациялық шараларды бастады, – деп хабарлады ведомство.
Дәрігерлердің жедел әрекетінің арқасында ер адамның жүрек қызметін қайта қалпына келтіру мүмкін болды.
1947 жылы туған азамат шұғыл түрде Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының кардиоорталығына жеткізілді.
Ем қабылдағаннан кейін науқастың жағдайы тұрақтанып, кейін ауруханадан шығарылған.
Денсаулық сақтау басқармасы өңірдегі жедел жәрдем қызметі жұмысының күшейтіліп жатқанын да атап өтті. Қазіргі уақытта облыста 76 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Қызметте 800-ден астам қызметкер еңбек етеді, ал медицина қызметкерлерінің қарамағында 101 санитарлық автокөлік бар.
Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары Салтанат Шайғұзованың айтуынша, биыл қызмет ауқымды оқу-жаттығу тестілеуінен өтіп, аккредитациядан өтуге дайындалып жатыр.