Көкшетауда көлік қозғалысына қандай шектеулер енгізілді?
Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетауда төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты қаладағы жолаушылар көлігінің жұмысына бірқатар шектеу енгізілді.
Ақмола облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Александр Рублевский барлық өзгерістер туралы айтып берді.
Оның хабарлауынша, 5 қаңтардан бастап Көкшетау мен Алматы және Ақтау қалаларымен әуе қатынасы, 7 қаңтардан бастап аймақтық халықаралық маршруттар бойынша автобустардың қозғалысы тоқтатылды.
Көкшетау қаласы бойынша қоғамдық көлік қозғалысы демалыс күндері – 7-9 қаңтар аралығында 07:00-ден 19:30-ға дейін қысқарады. Бұдан әрі облыс орталығының қоғамдық көлігі штаттық режимде жұмыс істейтін болады. Бұдан басқа, интернеттің және мобильді банкингтің мерзімді ажыратылуына байланысты Көкшетау қаласының қоғамдық көліктерінде жол жүру ақысы сараланған тарифсіз алынатын болады. Яғни, қолма-қол және қолма-қол ақшасыз төлем ересектер үшін 80 теңге және балалар үшін 40 теңге болады. Бірақ чек 150 теңгеге беріледі. Бұл режимде бәрі интернет пен мобильді банкинг тұрақтанғанға дейін жүзеге асырылады, - деп түсіндірді Александр Рублевский.
Ақмола облысының басқа қалалары мен елді мекендеріндегі қоғамдық көліктің жұмысы штаттық режимде жүзеге асырылатын болады. Басқарма басшысы атап өткендей, 5 қаңтардан бастап облыста үш транзиттік жолаушылар пойызы тоқтатылды. Қалған жолаушылар поездарының қозғалысы штаттық режимде жүзеге асырылады. Сонымен қатар, 7 қаңтардан бастап «Нұр-сұлтан-Орал»бағытындағы жолаушылар пойызының қозғалысы қайта жанданды. Шектеулер ерекше өкімге дейін қолданылады және жағдайға байланысты басқа шектеулер енгізілуі немесе оларды алып тасталуы мүмкін.
«Көкшетау автобус паркі» ЖШС президенті Әсия Шәрімованың айтуынша, көкшетаулық тасымалдаушылар айтарлықтай қиындықтарға тап болып отыр.
Біріншіден, терминалдар жұмысын тоқтатты, олар Интернет арқылы жұмыс істейді. Екіншіден, адамдар көлік карталарын толтыра алмайды, сондықтан дүрлігу тудырмау үшін біз шығынмен жұмыс істей бастадық: барлық жолаушылардан 150 теңге орнына қолма-қол ақшамен 80 теңге қабылдаймыз. Қол терминалы тіпті 80 теңгеге бағдарламаланбаған, сондықтан билеттер 150 теңгеге шығып кетеді, ал халықтан 80 теңге төлем аламыз. Бірақ ең қиыны, біз оператордан тапқан ақшамызды ала алмаймыз, өйткені жүйе жұмыс істемейді. Ақша жоқ, қордағы дизель отыны да таусылуға жақын. Кеше желіге Көкшетау автобус паркінде 60 автобустың 30-ы ғана шықты, - деді Әсия Шәрімова.