Көкшетауда кәсіпкерлер форумы өтті

Көкшетауда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен TEDx форматында «КӘСІП TALKS» форумы өтті, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.  

Бүгінде облыста жұмыс істеп тұрған бизнес субъектілерінің саны 51,5 мың адамды құрап отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 6,8%-ға өсті. 2021 жылы ШОБ саласындағы өндіріс көлемі 1183,2 млрд теңгені құрады. 

Жыл басынан бері ШОБ-тан 40 млрд теңге салық немесе облыс бойынша барлық салық төлемдерінің төрттен бір бөлігі түсті, бұл өткен жылғы кезеңнен 7,2%-ға артық. Бұл бизнестің белсенділігінің артуын көрсетеді. Бизнес-құрылымдардың өкілдері облыстық және өңірлік деңгейлерде консультативтік-кеңесші органдардың белсенді мүшелері болып табылады. Әрине, қызметтің басқа салаларындағы сияқты, жеке кәсіпкерлікте де проблемалық мәселелер бар, оларды шешу жүйелі тәсілді талап етеді. Осы мәселелерді облыстық деңгейде талқылау және шешу үшін негізгі алаң ретінде өңірлік кәсіпкерлер палатасы қызмет етеді, оның базасында мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің кездесулері өтеді. Міне, 9 жыл бойы біз ӨКП-мен жемісті қызмет етіп, бизнестің түйткілді мәселелерін бірлесіп шешудеміз. Осындай іс-шараларды өткізу бизнес-қауымдастық пен мемлекеттік органдар арасындағы барлық бағыттар бойынша ынтымақтастықты жандандыруға мүмкіндік береді деп есептеймін, – деп атап өтті облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Ербол Оспанов.

Өңірлік кеңес төрағасы Қуаныш Рақышев бүгінгі күні кәсіпкерлер палатасы – бизнестің тиімді жұмыс істеуі және экономиканы дамыту үшін жағдай жасауға көмектесетін сенімді серіктес екенін атап өтті.

Осы жылдар ішінде көп жұмыс атқарылды. Шағын және орта бизнестің үдемелі дамуы айқын және ең бастысы, бүгінгі таңда біздің кәсіпкерлерімізде әлеуметтік бағыт бар. Оған дәлел – Қостанай облысындағы төтенше жағдай кезінде бір адамдай үлес қосқан біздің кәсіпкерлердің ауызбіршілігі. Елде кәсіпкерліктің қоғаммен қатар дамып келе жатқандығын білдіреді. Бұл өте керемет, бизнес дамып, шыңдалып, бірігу керектігін түсінеді. Сондықтан біз бәріміз «Атамекеннің» айналасына топтасып, сенімді түрде алға жылжып келеміз. Әр түрлі қиындықтарға, үлкен психологиялық жүктемеге қарамастан, өз жұмысын лайықты атқарып келе жатқан ӨКП ұжымына алғыс білдіріеміз, - дейді Қуаныш Рақышев.

Әйелдер бизнесінің рөлі туралы облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Гүлмира Құсайын айтып берді. Естеріңізге сала кетейік, бірлестіктің негізгі мақсаттарының бірі — әйелдер кәсіпкерлігін қолдау. 

Нәзік жандыларға орта, адами қарым-қатынас қажет. Ал кәсіпкер немесе белсенді өмірлік ұстанымы бар әйел екі есе қолдауды қажет етеді. Біз өз миссиямызды толықтай ақтаймыз. Бүгінгі әйелдерге табыс табу үшін ғана емес, өз ісін ашуға көмектесу мақсатында түрлі нетворкингтер, кездесулер, өңірлерге іссапарлар ұйымдастырамыз, - дейді Гүлмира Құсайын.

«Бастау» жобасының түлегі Наталья Михайленко өзінің табысқа жету тарихы туралы айтып берді. Ол Көкшетау қаласында алғашқы аспаздық студиясын ашып, стартапын нөлден бастаған жан.

Бұл кәсіпкерлер, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін өзінің өміршеңдігі мен қажеттілігін дәлелдеген тиімді алаң. Біз кәсіпкерлер палатасы арқылы әлеуметтік кодекске көптеген ұсыныстар мен түзетулер енгіздік. Бұл алаң ведомствоаралық өзара іс-қимылдың жақсы факторы болып табылады, - деп атап өтті «Шанс «мүгедектерді оңалту орталығы» ҚБ басшысы Василий Шиманский.

ӨКП директоры Ерқанат Мұсылманбек кәсіпкерлер палатасының негізгі міндеттерінің бірі – бизнес құқығын қорғау екенін атап өтті. Бұл бағытта біршама жұмыстар атқарылды: облыс әкімдігінің, құқық қорғау органдарының бірінші басшыларының қатысуымен форумдар өткізілді, тығыз, сындарлы өзара іс-қимыл жолға қойылды, ортақ міндеттер белгіленді.

Жыл басынан бері бизнесті қорғау желісі бойынша ӨКП атына 140 өтініш келіп түсті, оның 48-і оң шешімін тапты. Кәсіпкерлердің қорғалған құқықтарының сомасы 97 млн теңгеден асты. Барлық өңірлерде, соның ішінде Көкшетау қаласында кәсіпкерлерді қолдау орталықтары жұмыс істейд. Онда заң, кеңес беру, ақпараттық қызметтер көрсетіледі. Қаржылық емес қолдау аясында 20 мыңнан астам адам қызмет алды. Жыл басынан бері бізге 200-ден астам бірегей клиент, яғни алғаш рет өтініш білдіргендер жүгінді. Біздің басты мақсатымыз – бизнесті қолдау, – деп түйіндеді Ерқанат Мұсылманбек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы