Көкшетауда есірткі сатқан студент 10 жылға сотталды
Ақмола облысы колледжінің студенті мефедрон қойып кеткені үшін 10 жылға сотталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, биыл наурызда облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сот психотроптық заттарды өткізгені үшін кінәлі деп танылған Көкшетау тұрғынына қатысты үкімді жариялаған. 2022 жылдың шілдесінде 19 жастағы студент қаржылық қиындықтарға тап болып, тез арада заңсыз ақша табуға шешім қабылдаған. Солай желідегі жарнама арқылы ақшаға есірткі қойып кетуші болып жұмысқа орналасқан. Екі апталық «жұмыстан» кейін жас жігітті Ақмола облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері іс үстінде ұстап, одан 22 грамнан аса мефедрон тәркіледі.
Сот отырысында айыпталушы кінәсін мойындамады. Алайда оның есірткіні заңсыз өткізуге қатысы Ақмола облысының полицейлері жинаған бұлтартпас дәлелдермен расталды. Сот студентті кінәлі деп тауып, қауіпсіздігі ең жоғары колонияда жазасын өтей отырып, 10 жылға бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындады.
Үкім заңды күшіне енді.