Көкшетауда ерекше балаларға арналған тегін секциялар жұмыс істейді
Көкшетауда ерекше қажеттіліктері бар балалар спорт секцияларынан бөлек хореография, шешендік өнермен айналысып, сабаққа дайындала алады, деп хабарлайды өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды балалар жылы деп жариялап, мүмкіндігі шектеулі адамдар проблемаларына баса назар аударды.
Облыс орталығында ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін алғашқы мамандандырылған «Дарын» спорт кешені ашылды. Оның негізінде Ақмола облысының қоян-қолтық ұрыс федерациясы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жобасын іске асыруға кірісті.
Жобаның негізгі міндеті – дене мүмкіндіктері шектеулі адамдарды, атап айтқанда тірек-қимыл аппараты, 1 және 2 топтағы есту және көру органдары бұзылған адамдарды және ерекше қажеттіліктері бар балаларды дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту болып табылады, –дейді облыстық қоян-қолтық ұрыс федерациясының жетекшісі Алма Хамитова.
Мақсатты топтардың өкілдері тәжірибелі жаттықтырушылар мен танымал спортшылардың жетекшілігімен тренажерларда жаттығады.
Жаңа орталықтың ерекшелігі – жобалау және құрылыстың әр кезеңінде мүмкіндігі шектеулі спортшылардың ұсыныстары ескерілді.
Спорт кешенінде даму мүмкіндіктері шектеулі балалар салауатты өмір салтын сақтау, бейімделу және оңалту үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Мұнда тренажер залы, емдеу-массаж бөлмесі, жекпе-жек және фитнес залдары бар. Душ кабиналары пандуспен, заманауи шкафтармен жабдықталған.
Сондай-ақ Ақмола облысының қоян-қолтық ұрыс федерациясы осы бағытта өз мүмкіндіктерін кеңейтті және Көкшетауда «Дарын-2» спорттық-дамыту орталығы ашылды. Онда спорт секцияларынан басқа ерекше қажеттіліктері бар балалар хореографиямен, шешендік өнермен және мектепке дайындықпен айналысады. Балалармен жұмыс істеуге логопедтер, психологтар, дефектологтар, ЕДШ жаттықтырушылары, тәрбиешілер тартылды, - деп толықтырды Алма Хамитова.
Ақмола облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде мүмкіндігі шектеулі және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған секцияларды ұйымдастыру және спорт залдарға баруды қамтамасыз ету жөніндегі жобасын іске асыру бойынша есептік кездесуде облыстық қоян-қолтық ұрыс федерациясының жетекшісі Алма Хамитова тегін секцияларда ерекше қажеттіліктері мен дене мүмкіндіктері шектеулі 300-ге жуық бала айналысатынын мәлімдеді.
Әр спортшыға жеке көзқарас қамтамасыз етілді. Әрине, түрлі аурулар ескеріледі және осыған байланысты жүктеменің ең оңтайлы түрі таңдалады, - деп атап өтті облыстық қоян-қолтық ұрыс федерациясының жетекшісі.
Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсет Бүкібаев атап өткендей, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша одан әрі ынтымақтастық жоспарлануда.
Айталық, «Мерген» спорт клубында Балалар жылы аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Спешил олимпикс» бөлімшесі ашылды. Онда ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс жүргізіледі. «Мерген» спорт клубының филиалдары облыстың он ауданында ашылды, – дейді ол.
Ерекше балалардың ата-аналары балаларына емдік дене шынықтырумен және әлеуметтік бейімделумен айналысуға мүмкіндік берілгені үшін алғыс білдірді.
Біздің балалармен білікті мамандар жұмыс істейді. Сабақтар тегін негізде өтетіні қуантады. Мұнда балалар айрықша ынтамен айналысады. Олардың арасында бірлік, спорттық рух бар, – дейді Нұрболат Темірғалиев.
Сондай-ақ, қала тұрғыны Евгения Юрина сегіз жасар ұлының «Дарын» орталығына барғалы дамуында айтарлықтай өзгерістер бар екенін жеткізді.
Біз ұзақ уақыт бейімделу жолынан өттік. Бірақ бұрын-соңды мұндай білікті жаттықтырушы мамандарды еш жерде кездестірмедік. Мен спорт кешенінің барлық қызметкерлеріне әр балаға жанашырлық пен түсіністік танытқаны үшін алғыс айтқым келеді, – деп лебізін білдірді ол.