Көкшетауда бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Көкшетау қаласының халықты жұмыспен қамту орталығы «Достар» мәдениет сарайында жұмыссыз жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді. Бұл туралы облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Жәрмеңкеге 50-ден астам ұйым қатысып, 250 бос жұмыс орнын ұсынды.
Іс-шара барысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақмола облысы бойынша департаментінің өкілдері мемлекеттік әкімшілік және құқық қорғау қызметіне орналасу тәртібін түсіндіріп, ақпараттық брошюралар таратты. Сонымен бірге, мемлекеттік қызметтегі бос лауазымдарға шолу жасалды.
Осындай жәрмеңкелер тұрақты негізде өткізіледі және жұмыссыз азаматтарға жұмыс берушілермен тікелей кездесуге, бос жұмыс орнымен танысуға, қызықтыратын сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік беріп, жастардың жұмысқа орналасуына септігін тигізеді.
«Бүгінгі іс-шара болашақ мамандардың жұмысқа тұруына көмектесуге, кәсіби бағыт-бағдар беруге бағытталған. Бұл - жұмыс берушілердің қызметімен, бос жұмыс орындарымен, жұмыс шарттарымен және әлеуметтік қолдауымен танысқысы келетін мамандар үшін жақсы мүмкіндік. Тіпті, мемлекеттік және құқық қорғау органдары үшін де тиімді, себебі олар да талантты, бәсекеге қабілетті кадрларды тартуға қызығушылық танытып отыр» - дейді департаменттің мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Гүлмира Евниева.
Іс-шараға 200-ге тарта жұмыссыз азамат қатысты.