Көкшетауда ағайындылар таныстарын бопсалап, ақша мен көлік талап еткені үшін сотталды

Ақмола облысында үш ер адам – екі ағайынды мен олардың танысы бопсалау және адамды заңсыз бостандығынан айыру қылмысы үшін сотталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Тергеу дерегінше, 2021, 2023 және 2024 жылдары күдіктілер Көкшетау қаласында бірнеше адаммен кездесу кезінде ойдан шығарылған не болмашы себептермен ақша талап етіп, қорқытқан әрі күш көрсеткен.

Олар жәбірленушілерден 5 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейін, ал бір адамнан құны 4,5 млн теңге тұратын автокөлік беруді талап еткен.

Барлығы төрт жәбірленуші сотта куәлік берген.

Дәлелдер мен сот үкімі

Сотта олардың кінәсі куәгерлер мен жәбірленушілердің айғақтарымен, сараптамалармен, тінту және беттестіру хаттамаларымен дәлелденді.

Жеңілдететін мән-жай ретінде сот ағайындылардың кәмелетке толмаған балаларының барын ескерген.

  • Ағайындылардың біріне 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы берілді.
  • Екіншісіне және олардың танысы 6,5 жылға сотталды.
  • Бір айыпталушының әрекеттерінде рецидив белгілері бар екені анықталды.

Моральдық өтемақы және қосымша шаралар

Сот үкімімен ағайындылардан жәбірленушіге 250 мың теңге моральдық өтемақы өндіру туралы шешім қабылданды.

Сонымен қатар, сот полиция департаменті мен прокуратураға қылмыстық іс жүргізу заңнамасының бұзылуына жол бермеу туралы жеке қаулылар жіберді.

Сот актілері әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: pixabay.com
Өзгелердің жаңалығы