Кеше 2026, 20:54 Фото: polisia.kz

Көкшетауда 50 орама есірткімен жүрген 19 жастағы жігіт ұсталды

Полицияның мәліметінше, күдіктіден дайын оралған синтетикалық есірткі тәркіленді.

Көкшетауда полиция қызметкерлері синтетикалық есірткі таратты деген күдікке ілінген жас жігітті ұстады. Ол «жасырын есірткі таратушы» ретінде небәрі бір күн ғана жұмыс істеп үлгерген. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

Арнайы операцияны Ақмола облысы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлінісінің қызметкерлері жүргізді.

Полицияның мәліметінше, жас жігіт жақында ғана әскерден оралып, «жеңіл табыс» туралы ұсынысқа келіскен. Алайда қылмыстық жоспарын жүзеге асыруға үлгермеген. Жедел қызметкерлер оны «жұмысының» алғашқы күні-ақ қолға түсірген.

Жеке тінту кезінде күдіктіден психотроптық зат салынған 50 орама табылды. Тергеу нұсқасы бойынша, олар кейін сатуға дайындалған.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

2026 жылдың басынан бері Ақмола облысында 24 есірткі тасымалдаушының заңсыз әрекетіне тосқауыл қойылған. Жүргізілген операциялардың нәтижесінде заңсыз айналымға 80 келіден астам синтетикалық есірткінің түсуіне жол берілмеді.

Құқық қорғау органдары есірткіні таратуға, оның ішінде курьер немесе «жасырын есірткі таратушы» ретінде қатысу аса ауыр қылмыс санатына жататынын еске салды. Мұндай қылмыс үшін 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Сондай-ақ полиция азаматтарды мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде таралатын «жеңіл табыс» туралы хабарландыруларға сенбеуге шақырды. Өйткені мұндай ұсыныстардың артында көбіне есірткінің заңсыз айналымына тарту әрекеттері тұрады.