Көкшетау музейіндегі көне жиһаздар

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Өткен ғасырдың 50-60-шы жылдары қала тұрғындары пәтерлерінің интерьері қандай болды? Көкшетау қаласының тарихы музейінде 70 жыл бұрын пайдаланылған көне жиһаздар мен жәдігерлер сақтаулы.

Музейде өткен ғасырдың тарих қойнауына кеткен түрлі жәдігерлер көп-ақ. 

Мысалы, 1950 жылдардың ортасындағы қонақ үй бөлмелерінде қытайдың барқыт немесе жібек дастарханы жайылған дөңгелек немесе сопақша үстел әр үйдің төрінен орын алды.


Кішкентай әйнектері бар буфет те сәнге ие болды.   

 Экспозицияның бір бөлігі – жатын бөлме қабырғасында көне кілем ілінген. Сол уақытта түрлі суреттері бар гобелен және шашақты пүліш кілемдер болды.

Сондай-ақ, қабырға сағаттарын ілу де сән болып есептелді.

Ағаштан жасалған жиһаз, 50-60-шы жылдары сәнге ие болған фортепиано бірден көзге түседі. 

Қала тарихы музейінің ғылыми қызметкері Күнсұлу Нұрғалиеваның айтуынша, кейбір жәдігерлердің тарихы тым тереңде. 

Сол жылдардағы көне жиһаз – ағаштан жасалған этажеркалар. Оған кітаптр, фотоальбомдр жиналатын.

Ағаштан жасалған буфеттер барлық коммуналдық пәтерлерде тұрды. 

Аты аңызға айналған «ЗИЛ» тоңазытқышы да мұражайдан өз орнын тапты. Естеріңізге сала кетейік, олар 1954 жылы шығарыла бастады. Оның ерекшелігі – құлыптаулы болуы. 

60-шы жылдардың басында газ плиталар мен тоңазытқыштар тұрғындар өміріне ене бастады. Ұлы Отан соғысына дейін тоңазытқыш ілуде біреуде кездесетін қат дүние болатын. Соғыстан кейін үкімет қаулысымен 50-ші жылдардың басында бірнеше зауыт тоңазытқыштар шығара бастады. 1956 жылы пәтерлерде ең алғашқы «ЗИЛ» (Лихачев атындағы зауыт) тоңазытқыш пайда болды. Бірақ оның есіктерін ашу қиынға соғатын. Кейінгі шығарылған тоңазытқыштардың есіктері магниттелді, – дейді музей қызметкері. 

Қонақ бөлмелерде ағаш фанерадан жасалған, шыны есіктері бар лакталған қарапайым шкафтар тұратын.

Ең алғашқы «Зингер» тігін машиналары әркімнің қолы жете бермейтін құнды мүлік саналды.

Сол жылдары күйсандық та сәнге ие болды.  

Мұражай қорында 50-60-шы жылдардағы радиоаппаратуралар коллекциясы бар. 1953 жылы Новосібір зауытында шығарылған «Октава» абонементті дыбыскүшейткіш, Ижевск радиозауытында шығарылған «Югдон», «Минск-55» үстел радиолалары коммуналдық тұрғындардың тағы бір сирек кездесетін заты. 

Өткен ғасырда пайдаланылған ескі жазу машинкасы да қордағы сирек экспонаттардың қатарынан орын алады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы